Кеңес және Ресей киносының танымал актрисасы Лидия Федосеева-Шукшина 88 жасында қайтыс болды. Қаралы хабарды оның қызы Мария Шукшина жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған дейін ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары актрисаның жүрегіндегі кінәратқа байланысты жансақтау бөліміне түскенін жазған. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап, жасанды тыныс алу аппаратына қосқан.
Лидия Федосеева-Шукшина 1938 жылы Ленинград қаласында дүниеге келген. Ол Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын тәмамдап, өмірін кино өнеріне арнады. Ұзақ жылдық шығармашылық еңбегі үшін РКФСР халық әртісі атағына ие болды.
Актриса көрерменге “Калина красная”, “Они сражались за Родину”, “12 стульев”, “Вам и не снилось…” фильмдері арқылы кеңінен танылды. Ол әр жылдары көптеген кинотуындыға түсіп, кеңес киносының белгілі тұлғаларының біріне айналды.
Лидия Федосеева-Шукшина белгілі актер, жазушы әрі режиссер Василий Шукшиннің жары болған. Екеуі өнер әлемінде өзіндік із қалдырды. Василий Шукшин 1974 жылы өмірден өткен.