Танымал әнші Бейбіт Қорған әлеуметтік желіде жеке өмірін жиі жариялайтын шоу-бизнес өкілдеріне қатысты пікір білдірді. Өнер иесі күнделікті ішкен-жегенін, отбасы мен бала-шағасын көпшілікке көрсетіп, мақтанатын әріптестерінің әрекетін қолдамайтынын айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Әнші бұл туралы "Kezdesu" YouTube жобасына берген сұхбатында айтты. Әңгіме барысында ол шығармашылық жолын еске алып, қазіргі эстрададағы өзгерістерге қатысты ойын ортаға салды.
"Бейбіт Қорған болып танылғаным сол 2000 жылдан басталды", – деді өнер иесі.
Осы тұста жүргізуші әншіден содан бергі уақытта отандық эстрадада өзі қабылдай алмаған қандай құбылыстар болғанын сұрады.
Бейбіт Қорған кейбір өнер адамдарының әлеуметтік желідегі әрекеттерін түсінбейтінін жеткізді. Әсіресе жеке өмірін көпшілікке көрсетіп, күнделікті тіршілігін жариялайтын әншілерге қатысты пікір білдірді.
"Жасанды болып жүретіндер көп қой. Бірақ кейбір әншілер жеке өмірін көрсете бастайды. Бала-шағасын, бүйтіп жатырмын, сүйтіп жатырмын дегендей. Мен оны қолдамаймын. Себебі оған зар болып жүрген адам қаншама. Тамақ жегендерін көрсетеді, соны жей алмай жүргендер де бар дегендей", – деді әнші.
Өнер иесінің айтуынша, әлеуметтік желіде өзінің тұрмысын, ішкен тамағын немесе отбасылық өмірін көрсету өзгелердің жағдайын ескермеу болуы мүмкін. Ол мұндай жазбаларды жариялағанда қарапайым халықтың тұрмысын да ойлау қажет деп есептейді.

Сұхбат барысында жүргізуші тыңдарман үшін танымал адамдардың сахна сыртындағы өмірі де қызық екенін айтты. Алайда Бейбіт Қорған өнер адамының шығармашылығын білу жеткілікті деген пікірін жеткізді.
"Әрине, қызық. Бірақ сол өнер адамын білсең жеткілікті ғой. Оның ар жағындағы баласы мен туыстарын қайтесің?" – деді ол.
Осылайша, әнші өнер адамдарының әлеуметтік желідегі белсенділігіне қатысты өз ұстанымын білдірді. Оның пікірінше, көпшілікке танымал болу жеке өмірдің барлық сәтін жариялауды міндеттемейді.
Әншінің бұл пікірі әлеуметтік желіде де назар аударды. Кейбір желі қолданушылары оның сөзін белгілі әнші Қайрат Нұртастың отбасына қатысты айтылған болуы мүмкін деп болжаған. Алайда Бейбіт Қорған сұхбат барысында нақты бір әріптесінің есімін атамаған.