21 қарашадан бастап Қазақстанда сабаққа себепсіз жиі бармайтын оқушылар туралы мәліметтер ай сайын полиция деректерімен салыстырылады. Сонымен қатар осы күннен бастап мектептегі буллингке қатысты жаңа әрекет ету тәртібі күшіне енеді. Бұл туралы Алматы қаласының Бала құқықтарын қорғау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Басқарманың мәліметінше, сабақтан тұрақты түрде себепсіз қалатын оқушылар туралы ақпарат Ұлттық білім беру деректер базасына әр айдың 10-на дейін енгізіледі.
Бірыңғай есепке алу жүйесі туғаннан 18 жасқа дейінгі балаларды қамтиды. Олардың қатарында мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері, оқушылар және еш жерде оқымайтын балалар да бар.
Сондай-ақ мектептегі буллингке қатысты өтініштерді қарау тәртібі өзгереді. Білім беру органдары қорлау немесе қудалау туралы хабарлама түскеннен кейін оны бір жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті.
Ал мектептер буллингке тап болған балаларға психологиялық қолдау көрсетуі керек.