Астанада «01market» ломбардтар желісін ұйымдастырушыға қатысты заңсыз микрокаржылық қызмет көрсету дерегі бойынша тергеу аяқталды. Қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды ult.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2021 жылдан бері күдіктінің бақылауындағы «INVEST PRO KZ» ЖШС, «Исмагулов Р.Б.» және «Pro Kz» жеке кәсіпкерліктері тиісті лицензиясыз қарыз беріп келген.
Заңсыз қызметті жасыру үшін олар комиссиялық сауда мәмілесін рәсімдегендей болып, клиенттерге кепіл билеттерін берген. Алайда іс жүзінде азаматтарға мүлкін кепілге қою арқылы қолма-қол несие ұсынылған.
Қарыз 30 күнге беріліп, күніне 0,25 пайызға дейін сыйақы есептелген. Мерзімін ұзарту үшін қосымша төлемдер мен айыппұлдар алынған. Ал қарыз уақытында қайтарылмаса, кепілдегі мүлік сатылған.
Агенттік дерегінше, заңсыз қызметтен түскен табыс 102 миллион теңгеден асқан. Сот санкциясымен мүлікті тәркілеуді қамтамасыз ету мақсатында екі пәтерге, үш автокөлікке және екі кеңсеге тыйым салынды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді.