2027 жылы B2B шегерімдері қайта енгізілмесе, кәсіпкерлер салық төлеуге қаражат тапшылығына тап болуы мүмкін. Бұл туралы кәсіпкер әрі сарапшы Максим Барышев мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Сарапшының айтуынша, Салық кодексіне енгізілетін өзгерістер қараша айының соңына дейін әзірленіп, Құрылтайдың қарауына ұсынылуы тиіс. Одан кейін шамамен екі апта ішінде құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі. Осылайша, өзгерістер 2027 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енуі мүмкін.
«Менің ойымша, ең алдымен, оңайлатылған декларация негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлерге жалпыға бірдей белгіленген салық режиміндегі кәсіпкерлермен өзара жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек. Яғни B2B операциялары бойынша шығыстарды шегерімге жатқызуға салынған тыйымды алып тастау қажет.
Екіншіден, жалақыға байланысты бюджетке және бюджеттен тыс қорларға төленетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді біріктіріп, жалпы салық жүктемесін азайту керек.
Үшіншіден, кәсіпкерлерді тексеру және бақылау жүйесін қайта қарау қажет. Әңгіме салыстырмалы бақылау туралы болып отыр. Оның нәтижесінде кәсіпкердің банк шоттары бұғатталып, электрондық шот-фактураларды рәсімдеу мүмкіндігі тоқтатылуы мүмкін. Меніңше, бұл жүйені қайта қарау қажет», – деді ол форум аясындағы баспасөз мәслихатында.
Максим Барышев Салық кодексіне енгізілетін осы өзгерістердің алғашқы түзетулер пакетіне қосылу мүмкіндігіне де тоқталды.
«Иә, бұл ұсыныстар пакетке енуі мүмкін. Олардың түзетулер қатарына қосылуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Шегерімдерге қатысты шектеуді кері күшпен, яғни 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап алып тастауға болады. Салық заңнамасындағы өзгерістердің негізгі мәні мен ең маңызды тұсы – осы», – деп жауап берді сарапшы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда кәсіпкерлердің басым бөлігі кеңселерді жалға алады. Егер мұндай шығындарды B2B операциялары бойынша шегерімге жатқызуға мүмкіндік берілсе, бұл дұрыс шешім болмақ.
«Егер бұл мәселе қазір шешілмесе, жұмысын әлі тоқтатпаған және қызметін жалғастырып жатқан кәсіпкерлер 2027 жылдың наурыз айында салық төлеуге қаражат таппай қалуы мүмкін. Себебі олар оңайлатылған салық режиміндегі кәсіпкерлермен жасалған мәмілелер бойынша табыс салығын төлеуге мәжбүр болады», – деп есептейді Максим Барышев.
Сондай-ақ сарапшы Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты адал жұмыс істеп жүрген 300 мыңнан астам кәсіпкердің жабылуы мүмкін деген болжамын тағы да растады.
«Ұлттық экономика министрлігінде 360 мың кәсіпорынның жабылуы мүмкін екені туралы мәлімет айтылды. Олардың арасында қызметін нақты жүргізбейтін, тек қағаз жүзінде тіркелген кәсіпорындар бар деген болжам жасалды. Алайда олардың қатарында жылдық айналымы шамамен 10 миллион теңгені құрайтын, қалыпты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар да бар. Бұл – сақтап қалуымыз қажет адал кәсіпкерлер.
Біздің ойымызша, жаңадан он кәсіпорын ашылғанша, жұмыс істеп тұрған үш кәсіпкерді сақтап қалған әлдеқайда тиімді. Қазіргі таңда экономикада жаңа кәсіпорындар ашуға ынталандыратын оң белгілер байқалмайды.
Жаңа бизнес ашылған кезде ол «өлім алқабы» деп аталатын кезеңнен өтеді. Әдетте, алғашқы жылдың өзінде жаңадан ашылған кәсіпорындардың 80–90 пайызы жабылып қалады. Ал жұмысын жалғастырғандардың арасында келесі екі жыл ішінде тағы 50–70 пайызы қызметін тоқтатады», – деп түйіндеді сарапшы.