Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Кәсіпкерлерге салық ауыртпалығы арта ма? Бизнес Үкіметтен көмек сұрады

Кәсіпкерлерге салық ауыртпалығы арта ма? Бизнес Үкіметтен көмек сұрады
ашық дереккөзден

Қазақстандық кәсіпкерлер 2027 жылы жеңілдетілген декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын компаниялармен және жеке кәсіпкерлермен жасалған B2B мәмілелері бойынша шығыстарды салықтық шегерімге жатқызуға салынған тыйымды алып тастауды көздеп отыр. Қазіргі уақытта бұл ұсыныс Үкіметтің қарауында, деп хабарлайды ult.kz.

Аталған шектеу жаңа Салық кодексі күшіне енген 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыла бастады. Кәсіпкерлер бұл тыйымды кері күшпен, яғни 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жоюды ұсынып отыр. Осылайша, кәсіпкерлерге алдағы көктемде өткен жыл үшін жоғары мөлшерде салық төлеуге тура келмейді.

«Қазіргі уақытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Respublika партиясы және басқа да партиялар арқылы жалпыға бірдей белгіленген салық режимін қолданатын кәсіпкерлерге жеңілдетілген режимдегі компаниялармен жасалған B2B мәмілелері бойынша салықтық шегерімдерді қайта қалпына келтіру жөніндегі барлық негіздемелерімізді ұсындық. Қазір Үкімет бұл мәліметтерді алды», – деді Uchet.kz компаниялар тобының негізін қалаушы, салық саласының сарапшысы Максим Барышев Астанада өткен салық форумының кулуарында.

Оның айтуынша, бұл ұсыныс 2026 жылдың қараша айының соңына дейін Құрылтайға енгізілуі тиіс Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар жобасына енгізіледі деген үміт бар.

«Егер қазір B2B мәмілелері бойынша салықтық шегерімдер қайта қалпына келтірілмесе, 2026 жылы жұмысын жалғастырып жатқан кәсіпкерлердің бір бөлігі 2027 жылғы наурыз-сәуір айларында салық төлеуге қаражат таппай қалуы мүмкін. Себебі олар жеңілдетілген салық режимін қолданатын кәсіпкерлермен жасалған мәмілелер бойынша табыс салығын төлеуге мәжбүр болады», – деді Uchet.kz компаниялар тобының негізін қалаушы.

Салықтық шегерімдерге салынған тыйымды алып тастаудан бөлек, бизнес өкілдері тағы екі ұсыныс білдірді.

«Екінші ұсыныс – еңбекақы төлеу қорынан бюджетке және бюджеттен тыс қорларға аударылатын салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді азайту. Сонымен қатар олардың барлығын біртұтас әрі түсінікті салыққа біріктіру қажет. Үшіншіден, кәсіпкерлерді тексеру тәртібі мен бақылау жүйесін қайта қарау керек», – деп толықтырды Максим Барышев.

Бұған дейін Қазақстан Қаржы министрлігі жеңілдетілген декларация негізіндегі жаңартылған арнаулы салық режимінің алғашқы қорытындысын жариялаған болатын. Бірінші жартыжылдықта жеңілдетілген режимді қолданатын кәсіпкерлердің табысы 9,4 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,9 пайызға жоғары. Былтыр осы кезеңде олардың табысы 7,9 трлн теңгені құраған еді.

Сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексінің күшіне енуіне байланысты шамамен 300 мың заңды тұлға қызметін тоқтатуы мүмкін екенін жоққа шығармаған. Министрлік өкілдерінің түсіндіруінше, бұл кәсіпкерлердің бизнесті жасанды түрде бөлшектеу схемаларын енді қолдана алмауымен байланысты.