Салық жөніндегі кеңесші Дмитрий Казанцевтің айтуынша, жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимінде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің 2026 жыл үшін салық төлеу мерзімі 2027 жылдың наурыз-сәуір айларына сәйкес келеді. Сарапшының болжамынша, осы мерзімнен кейін бірқатар кәсіпорын банкротқа ұшырап, жұмысын тоқтатуы мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.
Дмитрий Казанцевтің түсіндіруінше, қазіргі уақытта кәсіпкерлер, әсіресе шағын бизнес өкілдері, айтарлықтай қиындықтарға тап болып отыр. Әлі де жұмысын жалғастырып жатқан кәсіпорындардың өзінде табыс көлемі едәуір төмендеген.
Сарапшы мұны өзінің бизнесіндегі жағдаймен түсіндірді. Оның негізгі қызметі кеңес беру және жарнама саласымен байланысты.
- Мысалы, менің негізгі бизнесім кеңес беру және жарнама қызметтеріне қатысты. Жаңа Салық кодексіне байланысты биыл мен бұрынғы 3 пайыздың орнына 26 пайыз салық төлеуге мәжбүрмін. Алайда қызмет бағасын да 26 пайызға көтере алмадым. Себебі менімен жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан тұрақты клиенттерім бар. Оларға «Кешіріңіздер, енді баға осындай болады» деп айта алмаймын.
Нәтижесінде өзімнің табысым азайды. Сатылым көлемінен пайыз алатын менеджерлерімнің де табысы төмендеді. Ал олардың табысы азайған соң, сатып алу қабілеті де төмендеді. Мұндай жағдай қазір әрбір бизнесте қайталанып жатыр, – дейді Дмитрий Казанцев.
Оның пікірінше, салық жүктемесінің артуы кәсіпкерлердің қаржылық жағдайына ғана емес, қызметкерлердің табысына және жалпы тұтынушылық сұранысқа да кері әсерін тигізіп отыр.