Абай Құнанбайұлының қалта сағаты Семейдегі музейдің алғашқы жәдігерлерінің бірі болған. Ақыннан қалған бұйымның 1954 жылы ұрланғаны туралы деректі абайтанушы Қайым Мұхамедханов жазып қалдырған. Ал сағаттың одан кейінгі тағдыры туралы ашық деректерден мәлімет табылмады, деп хабарлайды ult.kz.
Музейдің алғашқы қорына қандай бұйымдар жиналды?
Семейдегі Абай музейінің алғашқы көрмесі 1940 жылы 16 қазанда, ақынның туғанына 95 жыл толуына орай Бекбай Бәйісовтің үйінде ашылды. Қайым Мұхамедхановтың жазуынша, музейді ұйымдастырушыларға Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты жәдігерлерді табу оңайға соқпаған.

1940–1941 жылдары ақынға қатысты 56 зат пен материал есепке алынды. Сол ізденістің нәтижесінде Абайдың ері, белбеуі, қалта сағаты, сондай-ақ ақынның үйінде пайдаланылған қымыз тегенесі мен ожау музей қорына енді.
Сағаттың ұрланғанын кім жазып қалдырды?
Қайым Мұхамедханов «Абай музейі ұлы ақынның атына сай болсын» атты мақаласында музейге түскен бұйымдарды тізіп отырып, қалта сағатының 1954 жылы ұрланғанын жақша ішінде атап өткен.

Осы бір жол жәдігердің музей қорында болғанын және қай жылы жоғалғанын көрсетеді. Алайда ғалым сағаттың қандай жағдайда қолды болғанын немесе оған кімнің қатысы барын жазбаған.
Жоғалған жәдігердің ізі табылды ма?
Мұхамедхановтың мақаласынан келтірілген үзіндіде сағатты музейге кім тапсырғаны, оның қандай болғаны және кейін қорға қайтарылған-қайтарылмағаны көрсетілмеген.
Ғалым алғашқы жәдігерлердің арасынан тағы бір жоғалған дүниені де атайды. Ол — Сәбит Мұқанов музейге сыйлаған Абай өлеңдерінің 1909 жылғы жинағының бір данасы. Ал қалта сағаты туралы әзірге белгілісі — оның музейдің алғашқы қорына енгені және 1954 жылы ұрланғаны.
