Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Атырау облысында баланы ұрған тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Атырау облысында баланы ұрған тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалды
видеодан скриншот

Атырау облысының Индербор кентіндегі «Балдәурен» балабақшасында тәрбиешінің бүлдіршінді ұруына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға балалардың бірінің туған күнін атап өту кезінде болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода тәрбиешінің балаларға дөрекі сөйлеп, бүлдіршіндердің бірін арқасынан шапалақпен ұрғаны көрінеді. Сол күні екі жасқа толған Ұлан есімді баланың туған күні тойланған.

Атырау облыстық білім басқармасының мәліметінше, заңбұзушылықты әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізген Индер ауданының прокуратурасы анықтаған.

«„Күншуақ“ тобындағы кәмелетке толмаған тәрбиеленушіге тәрбиешінің күш қолдану фактісі анықталды. Бұл дерек процессуалдық шешім қабылдау үшін Индер аудандық полиция бөліміне жолданды», – деп хабарлады ведомство.

Облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазір балабақшадағы бейнебақылау камераларының жазбалары зерттеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Полиция тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпаратты жариялауға болмайтынын мәлімдеді.