Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Әлия Молдағұлованың майданға аттанар алдындағы суретін кім сақтаған?

Әлия Молдағұлованың майданға аттанар алдындағы суретін кім сақтаған?
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Басында жұлдызды пилотка, шашы бұрым етіп өрілген. Музей қызметкерлерінің айтуынша, Әлия Молдағұлова бұл суретке майданға аттанар алдында, 17 жасында түскен. Ол фотосын бір хатқа қосып, ауылдағы құрбысына жіберіпті. Хаттар сақталмағанымен, сурет сол отбасының альбомында қалған. Оның тарихын Қобда музейінің қызметкері Гүлбаршын Ерғалиева 2021 жылы ҚазАқпаратқа⁠ айтып берді, деп хабарлайды ult.kz.

Әлия суретін кімге жіберген?

Сурет Әлияның бала күнгі құрбысы Бәтима Өрбісінқызына арналған. Екеуі Қобда өңірінде қатар өскен. Гүлбаршын Ерғалиеваның айтуынша, Әлияның отбасы ел басына күн туған жылдары Бәтиманың әкесі Өрбісіннің шаңырағын паналаған. Қыздар сол үйде бір дастарқаннан дәм татып, апалы-сіңлідей жақын болып кеткен. 

Кейін Әлия ауылдан жырақ кетсе де, Бәтимамен хат жазысып тұрған. Ауылдың хал-жағдайын, елдің тұрмысын сұрап отырған. Бір жолы хатына өзінің суретін қосып жіберген. Музей қызметкерінің сөзінше, бұл фотосурет комсомол билетіне түсу үшін түсірілген, ал Әлия оны Бәтимаға естелікке жолдаған. 

Сурет Мәмбетовтер отбасында қалай сақталды?

Бәтима кейін мұғалім болып, Қобда ауданындағы ауыл балаларына сабақ берген. Нәрібай Мәмбетовпен шаңырақ көтеріп, бес бала тәрбиелеген. Балалары анасынан ерте айырылған. Әлияның Бәтимаға жазған хаттары сол күйі сақталмай қалған, ал хатпен келген фотосурет отбасының жеке мұрағатында қалған. 

Суретті Бәтиманың ұрпақтары сақтаған. 2021 жылы Қобдаға келген ұлы Батыр Нәрібайұлы Мәмбетов музей қызметкерімен әңгімелесіп отырып, анасының мұрағатында Әлияның бұрын жарияланбаған суреті барын айтады. Оның айтуынша, анасының естеліктері мен мұрағаты Қарағанды облысында тұратын қарындасы Әлияда сақталған. Осы әңгімеден кейін музей қызметкері Бәтиманың қыздары Әлия мен Мәншүкке хабарласқан. 

Отбасы альбомынан музейге жеткен жәдігер

Гүлбаршын Ерғалиева Бәтиманың қыздарынан суретті көпшілікке көрсетуге рұқсат сұраған. Кейін фото Қобдадағы тарихи-өлкетану музейінің “Даңқ” бұрышына қойылды. Осылайша отбасында ондаған жыл сақталған суретті музейге келген жұрт та көре алатын болды. 

Фотодағы Әлияның шашы әлі ұзын, бұрымы анық көрінеді. Осы бір белгі суретті жұрт көп көрген, шашы қысқа мерген Әлияның бейнесінен даралап тұр. Ал фотосуреттің кімге жолданғанын Бәтиманың балалары айтып бермегенде, оның ауылдағы құрбысына жіберілген естелік екенін көпшілік білмес еді.