Қазақстандық театр және кино актері Аян Өтепберген Испанияда өткен X Isla Calavera халықаралық фантастикалық кинофестивалінде «Үздік актер» номинациясын жеңіп алды, деп хабарлайды ult.kz.
Актер бұл марапатқа «Sicko» фильміндегі рөлі үшін ие болды. Ол Джек Тейлор атындағы жүлдемен марапатталды.
Фестивальдің қазылар алқасы Аян Өтепбергеннің актерлік шеберлігіне жоғары баға берген. Сондай-ақ оның кейіпкер бейнесін әсерлі сомдап, драма мен юморды шебер үйлестіре білгенін атап өткен.
Айта кетейік, «Sicko» фильмі фестивальде үш бірдей марапатқа ие болды. Атап айтқанда, картина «Үздік толықметражды фильм», «Үздік актер» және «Үздік костюмдер» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды.
X Isla Calavera халықаралық фантастикалық кинофестивалі жыл сайын Испанияның Канар аралдарында ұйымдастырылады. Биылғы мерейтойлық шара 6-15 қараша аралығында Тенерифе аралында өтті.
Аян Өтепберген – Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрының актері. Оның халықаралық фестивальдегі жеңісі қазақстандық кино өнерінің шетелде танылуына қосылған елеулі үлес болды.