1999 жылы Павлодар облысында қарақшылық шабуыл жасағаннан кейін ізін суытқан ер адам Ресейде ұсталды. Ол 27 жыл бойы құқық қорғау органдарынан жасырынып келген, деп хабарлайды ult.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктіні ұстау операциясын өңірдің криминалдық полиция басқармасының жедел тобы Ресей ІІМ-нің Мәскеу облысы бойынша қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген. Ер адам арнайы жедел-іздестіру шаралары барысында қолға түсті.
Полиция дерегінше, 2026 жылдың алғашқы он айында Павлодар облысында қылмыс жасады деген күдікпен немесе сотталған 82 адам іздеуде болған. Осы кезеңде сот төрелігінен жасырынған 73 адам табылған.
Сонымен қатар шетелдік құқық қорғау органдарының сұрауы бойынша Павлодар облысында іздеуде жүрген 31 адам анықталса, Қазақстаннан тыс жерлерде тағы жеті адам ұсталған.
Полиция іздеуде жүрген адамдарды анықтау жұмыстары прокуратурамен бірлесіп, шетелде де жалғасып жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Абай облысында 2023 жылы жоғалып кеткен ер адамның өлімі ашылған еді. Үш жылдан астам уақыт өткен соң күдікті кісі өлтіргенін мойындап, мәйіт жасырылған жерді көрсеткен.