Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші жары ретінде танылған Айман әлеуметтік желіде отбасылық жағдайына қатысты жазбалар жариялады. Ол өзінің ешқашан көңілдес немесе тоқал болмағанын айтып, некесінің заңдылығы туралы сөз қозғады, деп хабарлайды ult.kz.

Айман Instagram желісіндегі парақшасында жеке өміріне қатысты айтылып жүрген пікірлерге жауап берді. Ол Тұрсынбек Қабатовпен мұсылмандық жолмен некелескенін алға тартып, өзін тоқал деп атайтындарға қарсылық білдірді.
"Ешқашан ешкімнің любовницасы да, тоқалы да болған емеспін. Бірінші күннен Алла алдында мешітке барып некелескен, мұсылмандық жолымен, шариғат жолымен некелескен некем бар. Менің де, оның да бір-ақ рет. Үкіметтің бір парағына мәз болып жүргенде, өзіңнің зина жасап жүргеніңнен хабардар бол", – деп жазды ол.
Жазбасында Айман діни некені маңызды санайтынын білдіріп, өзінің ұстанымынан бас тартпайтынын жеткізді.
"Алда не болатынын да білмеймін, Құдай емеспін. Қайсың не десең де, қалай қарасаң да, Құдай қаласа, жер тұрғанша тұратыным анық!" – деді ол.
Келесі жазбаларының бірінде Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы отбасына қатысты да пікір білдірді.
"Тұрсынбек қай үйде болса да, екі отбасының алдындағы міндеттерін шектеп, азайтып, қараусыз, сұраусыз қалдырған емес ешқашан. Қолынан келсе 8 баланы асырап, жақсы мектептерде оқытып, жақсы киіндіріп, бар жағдайын жасайды", – деді Айман.
Ол сондай-ақ әр адамның бақытқа деген көзқарасы әртүрлі екенін айтып, өзгенің өміріне сырттай баға бермеуге шақырды.
"Бақытты тек ажырасқан, ажыраспаған деген теңеумен өлшемеңіздер. Сонда ғана бақыттымын деп ойламаңыздар. Показухамен өмір сүріп, өзін тұншықтырып жүргендер қаншама", – деп жазды ол.

Тағы бір жазбасында Айман екі әйелдің де отбасылық өмірге өз үмітімен келгенін айтып, бұл жағдайға біржақты қарамауға шақырды.
"Екі әйел де сүйді, екеуі де сенді, үміттенді, әрқайсысының өз түсінігіне көрер жолы болды. Біреу жеңді, біреу жеңілді деген жоқ. Алла әр тарапқа өзінше сынақтармен қатар қайырын берді", – деді.
Оның айтуынша, отбасындағы қарым-қатынасты тек заңды неке туралы құжатпен өлшеу дұрыс емес.
"Ал "мен әйелімін" деп, бірақ әйел деген атынан ауытқып кеткен әйелдер көп, шаршап жүрген, заңды әйелмін дейді, бірақ өмірде сенері бір парақ қағаз. Араларында сезім де, мақсат та, жетістік те жоқ. Мен соны астарлап айтқан едім. Жалма-жан тредске салып, тек басқаша түсініп, одан әрі бықсып жатыр екенсіздер", – деп жазды Айман.

Ол өзінің жеке өміріне қатысты айтылған сындарға қарамастан, таңдауы мен ұстанымын өзгертпейтінін жеткізді. Сондай-ақ алдағы уақытта да отбасына қатысты шешімдерін өзі қабылдайтынын аңғартты.
Айта кетейік, әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың отбасылық өмірі бұған дейін де әлеуметтік желіде қызу талқыланған. Оның бұрынғы жары Мөлдір Мұқанова мен Айманға қатысты пікірлер көпшіліктің назарын аударып келеді.
Әзірге Тұрсынбек Қабатов пен Мөлдір Мұқанованың аталған жазбаларға қатысты жауабы туралы мәлімет жоқ. Айманның жазбасындағы жеке сипаттағы айыптаулар тәуелсіз түрде расталмаған.