Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Көзіңнің тірісінде жазып қой": Бақыт Тұрман елге ерекше кеңес берді

"Көзіңнің тірісінде жазып қой": Бақыт Тұрман елге ерекше кеңес берді
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Танымал әзілкеш Қайрат Әділгерейдің жұбайы Бақыт Тұрман өмірдің өткіншілігі мен адам артында қалдыратын мұра туралы ой бөлісті. Ол әр адам көзі тірісінде дүние-мүлкінің кімге қалатынын анықтап қойғаны дұрыс деп есептейді, деп хабарлайды ult.kz.

Бақыт Тұрман "Не дейді" бағдарламасына берген сұхбатында көпшілік айта бермейтін өлім тақырыбын қозғады. Оның пікірінше, адам өмірден өтетінін мойындап, артында қалатын дүниесінің тағдырын алдын ала ойластырғаны жөн.

"Барыңды қазір, көзіңнің тірісінде жазып қой. Бірақ ол қай кезде іске асады? Сен өлгеннен кейін. Ол расымен солай ғой", – деді ол.

Әзілкештің жұбайы ешкімнің қанша өмір сүретінін білмейтінін айтып, мұндай мәселеге қорқынышпен емес, шынайы көзқараспен қарауға шақырды.

"Біз бәріміз де өлеміз. Оның қашан боларын ешкім білмейді. Жастар да, үлкендер де ешкімнің өмірінде кепіл жоқ қой. Сондықтан да маған осындай ой келді. Қазір не бар сенде соны жазып қоюың керек. Аяқасты бірдеме болып, өліп кетсең дегендей. Ондай нәрседен қорықпау керек. Оған шынайы көзқараспен қарау керек", – деді Бақыт Тұрман.

Ол мұра қалдыру үшін міндетті түрде бай болудың қажеті жоқ екенін де атап өтті. Айтуынша, адамның артында қалатын дүниесі қаншалықты қымбат немесе арзан болса да, оның кейінгі тағдырын алдын ала шешіп қойған дұрыс.

"Мен өмірге шынайы қараймын. Артыңда қалған дүние не болса да, шіріген үйің, мотоцикл қалса да оны мұра ретінде қалдыруың керек", – деп түйіндеді ол.

Осылайша Бақыт Тұрман мұра мәселесін тек қартайған кезде ойланатын шаруа деп қарамауға шақырды. Оның сөзінше, өмірде күтпеген жағдайлар болуы мүмкін, сондықтан адам өзінен кейін қалатын дүниеге қатысты шешімді көзі тірісінде қабылдағаны жөн.