Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Біздің әміршіміз": Жанболат Найзабеков кімге бағынатынын айтты

"Біздің әміршіміз": Жанболат Найзабеков кімге бағынатынын айтты
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Белгілі актер әрі продюсер Жанболат Найзабеков шығармашылық ұжымдағы тәртіп пен әріптестері арасындағы қарым-қатынас туралы айтты. Ол Мадияр Серікбаевты өздерінің көшбасшысы санайтынын жасырмады, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында шығармашылық жолында кездескен қиындықтарды еске алды. Оның айтуынша, танымалдыққа қол жеткізген алғашқы жылдары әріптестерімен бірге "жұлдыз ауруын" бастан өткерген. Алайда уақыт өте келе олар жеке амбициядан гөрі ортақ мақсатты жоғары қою керектігін түсінген.

Жанболат Найзабеков ұжымда бір адамның басшылық жасауы маңызды екенін атап өтті. Актердің сөзінше, әркім өз дегенімен жүрсе, ортақ жұмыстың нәтижелі болуы қиын.

"Жұлдыз ауруы тез өтіп кетеді екен ғой. Сен білмейсің, қасыңдағылар біледі. Сол сияқты сондай уақыттан да өтіп кеттік. Кездескенде арамыздан әмірші сайлаймыз. Ол әміршіге бағынамыз. Егер оған бағынбасақ, ісіміз алға баспайды. Және әмірші болған жерде барлығы біртекті болады. Ол – лидер ғой. Лидерге бағынбасаң, менмендік пайда болады. Ойымен келіспеу пайда болады. Өзіңмен өзің кету пайда болады. Бізде, мысалы, Мадияр Серікбаев – лидер, әміршіміз. Ол айтады: заң", – деді Жанболат Найзабеков.

Актер осылайша шығармашылық ортада ауызбіршілікті сақтаудың маңызын жеткізді. Оның пікірінше, әріптестер бір-бірінің пікірін құрметтеп, ортақ шешімге бағына білсе ғана жұмыс алға басады.

Жанболат Найзабековтің бұл пікірі әлеуметтік желі қолданушыларының да назарын аударды. Желіде өнер иелерінің достығы мен өзара сыйластығын жоғары бағалаған пікірлер жазылды.