Танымал әнші Өмірқұл Айниязов жұбайымен 21 жыл бойы перзент күткенін айтып, сол кезеңде басынан өткен ауыр сәттерді еске алды. Өнер иесі тіпті екінші рет үйленуді де ойлағанын мойындады, деп хабарлайды ult.kz.

Әнші Kezdesu Youtube-арнасына берген сұхбатында отбасы, махаббат және бала тәрбиесі туралы ойын ортаға салды. Оның айтуынша, ерлі-зайыптыларды бір шаңырақ астында ұстап тұратын басты нәрсе – бала емес, бір-біріне деген сүйіспеншілік пен құрмет.
"Махаббат – бірінші болу керек. Кейбір адамдар "махаббат жоқ, бала үшін жүреді" деп жатады. Олай болмайды деп ойлаймын. Махаббат болмаса, біреудің қасына жату да оңай емес. Сондықтан бірінші махаббат, содан соң сыйластық, бағалау", – деді әнші.
21 жылдық күту және екінші әйел алу туралы ой
Өмірқұл Айниязов отбасымен бірге ұзақ жылдар бойы сәби сүюді армандағанын айтты. Перзент күткен жылдары түрлі қиындықтарға тап болып, кейде болашағына қатысты күрделі ойларға берілген.
Әнші бір кездері екінші әйел алуды да ойлаған. Алайда мұндай қадамға баруға жүрегі дауаламағанын жеткізді.
"21 жыл бойы балалы бола алмай жүрген кезде адамның басына неше түрлі ой келеді. Мен де "мүмкін басқа әйел алу керек шығар" деп ойладым. Бірақ жалғыз баламның көзі мөлдіреп басқа жақта жүргенін елестете алмадым. Менің жүрегім ондайға дауаламады", – деді өнер иесі.
Оның сөзінше, отбасы үшін ең маңыздысы – қиындыққа қарамастан, бір-біріне деген сенім мен сыйластықты жоғалтпау.

Екі баласы ЭКО арқылы дүниеге келген
Өнер иесі сұхбатта балаларының қалай дүниеге келгенін де жасырмады. Айтуынша, кейінгі екі перзенті экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) әдісімен туған. Ерлі-зайыптылар 2013 жылдан бастап осы жолмен балалы болуға талпынып, көп жыл бойы нәтижесін күткен.
"Жасырудың қажеті жоқ, кейінгі екі баламыз да ЭКО арқылы дүниеге келді. Оның өзі де оңай емес. Ол дүниемен 2013 жылдан бастап айналыссақ, 2021 жылы балалы болдық", – деді әнші.
Өмірқұл Айниязов бұл жолдың оңай болмағанын айтып, ұзақ күткен сәбилерінің дүниеге келуі отбасы үшін үлкен қуаныш болғанын жеткізді.
"Елден ұялып, уақыт жоғалтпаңыздар"
Әнші перзент сүйе алмай жүрген отбасыларға да кеңес берді. Оның пікірінше, кейбір ерлі-зайыптылар жұрттың сөзінен қысылып, дәрігерге қаралуды кейінге қалдырады. Соның салдарынан қымбат уақытын жоғалтуы мүмкін.
"Қазақылыққа салынып, елден ұялап қалмау керек. Көп жас балалармен әңгіме айтқанда "уақыт өткізбе, мәселені түбіне дейін шешу керек" деп айтамын", – деді Өмірқұл Айниязов.
Өнер иесі ЭКО арқылы балалы болуды ұят санамауға шақырды. Ол сәби сүйгісі келетін жұптарға уақыт оздырмай, мамандардан көмек сұраудың маңызды екенін айтты.