Қазақтың белгілі айтыскер ақыны, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова 76 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Әсия Беркенова қазақ айтысының дамуына елеулі үлес қосқан өнер иелерінің бірі болды. Ол суырыпсалма ақындығымен, тапқырлығымен және қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғаған өткір жырларымен көпшіліктің ықыласына бөленді.
Ақын 1950 жылы 22 сәуірде Қостанай облысының Әулиекөл ауданында дүниеге келген. 1972 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын бітіріп, еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған. 1972–1997 жылдары Қостанай облысындағы Наурызым және Әулиекөл аудандарының мектептерінде ұстаздық еткен.
Әсия Беркенова 1980 жылдардан бастап айтыс сахнасына шығып, республикалық және халықаралық сөз сайыстарында жүлделі орындарға ие болды. 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыста бірінші орын алған.
Ол ұстаздық қызметімен де танылды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетіндегі “Өнер” студиясына жетекшілік етіп, жас таланттардың қалыптасуына үлес қосты.