Павлодар облысының Ертіс ауданында жөнделмеген ауылішілік жол үшін мердігерге 45 млн теңге аударылған. Бюджет қаражатын жымқыру дерегін аудан прокуратурасы анықтады, деп хабарлайды ult.kz.
Прокуратураның мәліметінше, Успен ауылдық округі әкімінің аппараты іс жүзінде жөндеу жүргізілмеген жол учаскесі үшін «МКК-Элит Строй» ЖШС-не 45 млн теңге заңсыз аударған.
Аталған факті бойынша әкімдік пен мердігер ұйымның лауазымды тұлғаларына қатысты Қылмыстық кодекстің 189-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті жүргізіп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысының Никольское ауылында жол жөндеуге бөлінген 78 млн теңгенің жымқырылғаны анықталған болатын. Бұл дерек бойынша да сотқа дейінгі тергеу басталған.