Терроризм актісі туралы жалған хабар тарату ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Мұндай әрекет жүздеген адамның эвакуациялануына және арнайы қызметтердің жұмылдырылуына себеп болады. Ішкі істер министрлігі азаматтарды жауапсыз әрекеттен сақ болуға шақырды, деп хабарлайды ult.kz.
ІІМ мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері терроризм туралы көрінеу жалған хабар таратқаны үшін 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың жетеуі – 14 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер.
Мұндай хабарламалар телефон, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратылады. Көбіне жасөспірімдер мұны әзіл немесе назар аудартудың амалы деп қабылдайды. Алайда жалған ақпарат салдарынан мектептер, ауруханалар мен басқа да мекемелер эвакуацияланып, оқиға орнына полиция мен арнайы қызметтер жіберіледі.
Министрлік бұл қылмыс үшін жауапкершілік 14 жастан басталатынын еске салды. Заң бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар кінәлілер шұғыл қызметтердің жұмысына жұмсалған шығынды өтеуге міндеттелуі мүмкін.
ІІМ ата-аналарды балалардың интернеттегі әрекеттеріне назар аударып, жалған хабарламаның салдарын түсіндіруге шақырды. Ал азаматтарға тексерілмеген ақпаратты таратпай, қауіп туралы хабарламаларды дереу құқық қорғау органдарына жеткізу ұсынылды.