Астанада «Buyers Union» қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікке ілінген бес адамға қатысты тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды. Тергеу мәліметінше, күдіктілер 332 азаматпен жалпы сомасы 562 млн теңгеден асатын келісімшарт жасасқан, деп хабарлайды ult.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер заңды қызмет атқарып жүргендей көріну үшін тұтыну кооперативі мәртебесін пайдаланған. Олар ірі бизнес орталықтарынан кеңсе жалдап, Астана, Алматы, Шымкент және еліміздің басқа да қалаларында бөлімшелер ашқан.
Әлеуметтік желілерде азаматтарға баспана мен автокөлік алуға пайызсыз қарыз беру, қолданыстағы несиелерді қайта қаржыландыру және Trade-in бағдарламалары ұсынылған.
Алайда мұндай қызметтерді пайдалану үшін азаматтар кооперативке жаңа мүшелер тартуға тиіс болған. Бастапқы жарна төлеген адамдар кезекке қойылып, оның жылжуы жаңадан қосылған қатысушылардың салған қаражатына тәуелді болған.
Тергеу барысында алты автокөлікке, сондай-ақ 5 513 USDT және 1 003 Futeres көлеміндегі криптоактивтерге сот санкциясымен тыйым салынды.
Қазіргі уақытта бес күдіктіге қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етілмейді.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада «Buyers Union» ұйымын қоса алғанда, алты қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылғаны хабарланған болатын.