Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

2027 жылдан бастап жұмыссыз қалғандарға төленетін әлеуметтік төлем тәртібі өзгереді

2027 жылдан бастап жұмыссыз қалғандарға төленетін әлеуметтік төлем тәртібі өзгереді
ашық дереккөз

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі өзгереді. Жаңа талап бойынша жұмыссыздарға төлем белсенді жұмыс іздеу кезеңінде беріледі. Оның мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45 пайызына тең болады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Жұмыссыз қалған адам алдымен қайда жүгінуі керек?

Жұмысынан айырылған азамат ең алдымен мансап орталығына жүгінуі қажет. Мамандар оның кәсіби тәжірибесі мен дағдыларын зерделеп, біліктілігіне сай бос жұмыс орындарын ұсынады. Сондай-ақ жұмыс берушілермен сұхбаттасуды ұйымдастырады.

2026 жылғы 1 қазаннан бастап «жұмыс іздеп жүрген адам» мәртебесінде болу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылған.

Егер осы уақыт ішінде лайықты жұмыс табылмаса, азаматқа ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Мансап орталығы бос жұмыс орындарын іздеуді жалғастырады. Қажет болған жағдайда қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өту ұсынылады.

Әлеуметтік төлемге қалай өтініш беруге болады?

Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін азамат әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш бере алады. Ол үшін бірнеше тәсіл қарастырылған:

  • eGov.kz порталы;
  • Enbek.kz электрондық еңбек биржасы;
  • екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары;
  • ұялы телефонға келетін SMS-хабарлама арқылы проактивті қызмет;
  • мансап орталықтары;
  • «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері.

Әлеуметтік төлем тағайындалғаннан кейін де мансап орталығы азаматқа жұмыс іздеуге көмектесуді жалғастырады.

Жұмыссыздарға қанша ақша төленеді?

2027 жылдан бастап әлеуметтік төлем белсенді түрде жұмыс іздеу кезеңіне тағайындалады. Төлемнің ұзақтығы азаматтың міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Алайда төлем мерзімі 3 айдан аспайды.

Төлем мөлшері соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45 пайызын құрайды. Бұл ретте есепке алынатын табыстың шекті мөлшері ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінен аспауы керек.

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Осыған байланысты жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері де айына 346,5 мың теңгеге дейін ұлғаяды.

Төлемді кімдер ала алады?

Бұл әлеуметтік төлемді бұрынғыдай міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азаматтар ғана ала алады.

Министрлік енгізілетін өзгерістердің басты мақсаты – жұмыссыз қалған адамдарға тұрақты жұмыс табуға көмектесу және оларды еңбек нарығына қайта бейімдеу екенін атап өтті.