Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстан емханаларында бір қабылдауда бірнеше медициналық қызмет алуға мүмкіндік берілуі мүмкін

Қазақстан емханаларында бір қабылдауда бірнеше медициналық қызмет алуға мүмкіндік берілуі мүмкін
ашық дереккөз

Қазақстанда емханаларда медициналық көмек көрсету тәртібін өзгерту жоспарланып отыр. Жаңа ережелер қабылданса, пациенттер бір қабылдау кезінде бірнеше медициналық қызмет алып, кейбір тексерулерден өту мүмкіндігіне ие болады, деп хабарлайды ult.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Бір қабылдауда бірнеше қызмет көрсетілуі мүмкін

Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі амбулаториялық медициналық көмек көрсету қағидаларына өзгеріс енгізу туралы бұйрық жобасын әзірледі. Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланған.

Жобадағы негізгі өзгерістердің бірі – дәрігер қабылдауын ұйымдастыру тәртібіне қатысты. Қазір кейбір медициналық процедуралардан өту немесе құжаттарды рәсімдеу үшін пациент емханаға бірнеше рет баруға мәжбүр. Министрлік осы мәселені шешу үшін бір қабылдау аясында көрсетілетін қызметтер санын көбейтуді ұсынып отыр.

Жаңа тәртіп бойынша дәрігер пациентті қарап қана қоймай, медициналық көрсетілімдер болса, қажетті дәрі-дәрмектерге рецепт жазып, анықтамалар рәсімдеп, профилактикалық қызметтер көрсете алады.

Бұл өзгеріс созылмалы ауруына байланысты дәрігер бақылауында жүрген адамдарға да қатысты. Егер пациент басқа созылмалы ауруы бойынша жоспарлы тексеруден қатар өтіп жүрсе, оның нәтижелерін де қазіргі қабылдау аясында есепке алуға мүмкіндік берілмек. Яғни әр медициналық шара үшін бөлек қабылдауға жазылудың қажеті болмайды.

Кейбір медициналық тексерулердің түрі көбейеді

Министрлік диагностикалық зерттеулердің қолжетімділігін арттыруды да көздеп отыр.

Атап айтқанда, В және С вирустық гепатиттерін анықтау мүмкіндіктерін кеңейту, соның ішінде жедел диагностикалық әдістерді қолдану ұсынылған.

Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында қолжетімді тексерулер тізбесін нақтылау жоспарланып отыр. Өзгерістер қанның ұю жүйесі бұзылған және жүйке-бұлшықет жүйесінің аурулары бар азаматтарға да қатысты болуы мүмкін.

Дегенмен қосымша тексерулер барлық пациентке бірдей тағайындалмайды. Оның қажеттілігін дәрігер адамның денсаулық жағдайы мен медициналық көрсетілімдеріне қарай анықтайды.

Дәрігерлердің қағазбастылығы азаюы мүмкін

Жоба медициналық қызметтерді есепке алу тәртібін де өзгертуді қарастырады.

Емханаға келу, көрсетілген қызметтер мен жазылған рецепттер туралы мәліметтердің бір бөлігі медициналық ақпараттық жүйелерге автоматты түрде енгізілмек. Бұл медицина қызметкерлерінің құжаттарды қолмен толтыру жұмысын азайтуға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министрлігі әкімшілік жүктеме азайса, дәрігерлер пациенттермен тікелей жұмыс істеуге көбірек уақыт бөле алады деп есептейді.

Өзгерістер кімдерге тиімді?

Ұсынылып отырған жаңа тәртіп, әсіресе, созылмалы аурулары бар азаматтар үшін маңызды. Себебі олар тұрақты түрде дәрігерге қаралып, рецепт алып, денсаулығын бақылап отыруы керек.

Жоба қабылданған жағдайда бірнеше медициналық шараны бір қабылдауға біріктіруге және МӘМС аясындағы кейбір тексерулердің қолжетімділігін нақтылауға мүмкіндік туады.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігінің ұсыныстары әзірге бұйрық жобасы түрінде ғана жарияланған. Демек, жаңа ережелер әлі күшіне енген жоқ.