Ақтөбеде өз үйінде атып өлтірілген кәсіпкердің «Helios» жанармай құю бекеттері желісінің жергілікті филиалын басқарған Айболат Жисов екені белгілі болды. Компания ұжымынан марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айту жарияланды, деп хабарлайды ult.kz HALYQSTAN Телеграм арнасына сілтеме жасап.
Бұған дейін кәсіпкердің аты-жөні мен қызметіне қатысты ақпарат болжам ретінде айтылып келген. Бүгін «Helios» компаниясының ұжымы Ақтөбе филиалының директоры Айболат Жисовтің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.
«Оның өз ісіне адалдығы, өмірге құштарлығы және адамдарға деген шынайы қарым-қатынасы әріптестерінің зор құрметіне бөленді. Оның өмірден өтуі – Helios ұжымы үшін үлкен қаза. Ол туралы жарқын естелік жүрегімізде мәңгі сақталады», – делінген компанияның көңіл айту хабарламасында.
Еске салайық, кәсіпкер дүйсенбі күні таңертең өз үйінде атыс қаруынан алған жарақатынан көз жұмған. Алдын ала мәлімет бойынша, үйіне бетперде киген адам басып кірген.
Осы қылмысқа күдікті сәрсенбі күні ұсталды. Ол кәсіпкердің көршісі болуы мүмкін деген ақпарат тарады.