Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Танымал қырғызстандық стендап-комик ота кезінде қайтыс болды

Танымал қырғызстандық стендап-комик ота кезінде қайтыс болды
ашық дереккөз

Агрессивті сүйек қатерлі ісігіне шалдыққан стендап-комик Элдос Алмазов 29 жасында көз жұмды. Ол Бішкекте ота кезінде қайтыс болған. Бұл туралы комиктің немере әпкесі әлеуметтік желіде хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.

Марқұмның туысы оның қазасы жақындары үшін ауыр соққы болғанын жазды. Әсіресе ата-анасы ұлының өмірін сақтап қалу үшін ұзақ уақыт бойы күрескен.

«Кеше ота кезінде Элдостан айырылып қалдық. Бұл бәріміз үшін, әсіресе ата-анасы үшін орны толмас қайғы. Оның жақындары, әсіресе анасы мен әкесі, бұл аурумен ұзақ уақыт күресті. Олардың қандай ауыр күндер мен сынақтарды бастан өткергенін бір Алла ғана біледі», – деп жазды ол.

Комиктің қайтыс болғанын досы, стример Анар Абдуллаев та растады. Оның айтуынша, Элдосқа іш қуысына ота жасалған, алайда жүрегі шыдамай қалған. Ол жерлеу рәсіміне кететін барлық шығынды өзі көтеретінін мәлімдеді.

SHOT Telegram-арнасының мәліметінше, Элдос Алмазов 18 қараша күні Бішкекте көз жұмған. Отаға дейін жағдайы жақсы болып, туыстарымен сөйлескен. Хирургиялық араласу шамамен бір сағатқа созылған. 19 қараша күні комиктің денесі туған жері – Ош қаласына жеткізіліп, жақындары жаназа шығарған.

Аурумен күресі

Элдос Алмазов қатерлі ісікке шалдыққанын биыл сәуірде хабарлаған. Бастапқыда сол аяғының ауырғанын жарақаттан немесе жүйке қысылуынан көріп, дәрі-дәрмекпен емделген. Алайда жүру қиындаған соң дәрігерге қаралып, остеосаркома диагнозын естіген.

Остеосаркома – сүйек тінінде пайда болатын қатерлі ісік. Ауру жылдам дамып, басқа ағзаларға метастаз беруі мүмкін.

Комиктің химиотерапиясына, биопсиясына және отасына қаражат жинауға оқырмандары мен стримерлер көмектескен. 17 сәуірге дейін оған 800 мың рубльден астам ақша аударылған.

Төрт курс химиотерапиядан кейін қыркүйекте Алмазовтың ісігіне ота жасалып, ол қайтадан жүруді үйрене бастаған. Алайда қазан айының басында кезекті химиотерапиядан кейін талдау нәтижелері күрт нашарлап, мұрнынан қатты қан кеткен. Ол екі тәулік жансақтау бөлімінде жатып, қан құйдырған.

20 қазанда комик Telegram-арнасында үйіне оралғанын және келесі химиотерапияға дайындалып жатқанын жазған. Бұл оның соңғы жазбасы болды.

Комик туралы не белгілі?

Элдос Алмазов 1997 жылғы 25 қыркүйекте Қырғызстанның Ош облысындағы Тельман ауылында дүниеге келген. Он жасында оған гипофизарлық нанизм диагнозы қойылған. Бұл – өсу гормонының жеткіліксіз бөлінуінен туындайтын эндокриндік ауру.

Мектеп бітірген кезде бойы 112 сантиметр болған, ал ересек шағында шамамен 130 сантиметрге жеткен. Ол сахнада өзінің сыртқы келбетін әзілге айналдырып, өзін-өзі әжуалаудан тартынбаған.

2018 жылы Мәскеуге қоныс аударған комик 2021 жылы ТНТ арнасындағы «Открытый микрофон» жобасының алтыншы маусымына қатысып, көпшілікке танылды. Алексей Щербаков командасында өнер көрсетіп, жартылай финалға дейін жеткен. Кейін Азамат Мұсағалиевтің «Большое шоу» жобасына қатысып, жеке стендап қойылымдарын шығарған.