Ақтау тұрғыны Instagram-да басқа әйелдің отбасы мен балалары туралы жалған ақпарат жариялағаны үшін 544 950 теңге айыппұл арқалады, деп хабарлайды ult.kz.
Соттың мәліметінше, әйел қазан айында жәбірленушінің отбасылық жағдайы мен балалары туралы жазба жариялаған. Сот бұл мәліметтерді жала деп танып, әйелдің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіргенін анықтады.
Сот отырысында жауапкер кінәсін мойындамаған. Алайда оның кінәсі әлеуметтік желідегі жазбалар, фотосуреттер және өзге де дәлелдермен расталған.
Әйел ӘҚБтК-нің 73-3-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Сот оның 14 жасқа толмаған баласы барын ескеріп, айыппұлды 30 пайызға азайтты.
Нәтижесінде 544 950 теңге айыппұл салынды. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.