Қазақтың бұлбұлы атанған Роза Бағланова әсем дауысымен ғана емес, сахнадағы сән-салтанатымен де ел есінде қалды. Әншінің үкілі тақиясы, оюлы көйлегі мен зерлі әшекейлері оның ажырамас бейнесіне айналды. Алайда сол ерекше киімдердің үлгісін кім жасағанын, қалай тігілгенін және бүгінде қайда сақталғанын көпшілік біле бермейді. Ult.kz тілшісі әйгілі әншінің сахналық киімдерінің тарихына үңілді.

Әншінің көйлектерін әйгілі суретші жасаған
Роза Бағланова сахнаға шыққанда ұлттық киімнің сәнін көрсетуді ерекше маңызды санаған. Оның көпшілікке таныс сахналық көйлектерінің үлгісін белгілі суретші Гүлфайруз Ысмайылова жасаған. Бұл туралы музей зерттеушісі Л. Ибраеваның "Әнші Роза Бағланованың сахналық киімдері" атты ғылыми мақаласында жазылған.
Суретші өз естелігінде әншінің ұлттық нақыштағы киімдерінің көпшілігіне үлгі дайындағанын айтқан. Ал Роза Бағланова шетелге барған сайын оның еңбегіне алғыс білдіріп отырған. Әншінің киімдерін сол кездегі Орталық Комитеттің тапсырмасымен арнайы шеберлер тіккен. Дегенмен матаның түсін, кейде көйлектің үлгісін Роза Бағланованың өзі таңдаған.

Бір қызығы, әнші Будапештке барған сапарында киген көйлегін ерекше ықыласпен еске алған. Жібектен тігілген көйлектің етегі мен жеңі үш қатар желбіршекпен көмкерілген. Қозғалған сайын желбіршектері тербеліп, сахнадағы әншіге өзгеше көрік берген. Ол көйлегіне күмістен жасалып, алтын жалатылған кемер белдік тағып, басына асыл тастармен безендірілген үкілі тақия киген.
1967 жылы тігілген көйлек музейге қалай жетті?
Роза Бағланованың сахнада киген ерекше киімдерінің бірі 1967 жылы арнайы тігілген. Әнші бұл киіммен Мәскеуде, Францияда және Қазақстанның көптеген қаласында өнер көрсеткен.

Қара барқыттан тігілген көйлектің кеуде тұсы қызыл матамен безендіріліп, етегі мен жеңіне бірнеше қатар желбіршек қосылған. Оюлары түрлі түсті моншақтармен көмкерілген. Киімге үкілі тақия мен қызыл былғары етік те кірген.
Бұл жәдігер 1975 жылғы 17 желтоқсанда ресми акт негізінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейіне өткізілген. Оны "Қазақконцерт" ұйымынан музейдің ғылыми қызметкері А. Айманбекова алып, Мәдениет министрлігінің рұқсатымен қорға тапсырған.
Музейдің ғылыми материалында киімнің әр бөлшегі, өлшемі мен тігілу ерекшелігіне дейін сипатталған.
Розаның көйлегі жылдар өткен соң тағы бір музейден табылды
Әншінің жеке бұйымдарының тарихында тағы бір қызықты оқиға бар. 2025 жылы Aikyn.kz басылымы Роза Бағланованың өзі киген көйлегінің Павлодардағы музейде сақтаулы тұрғанын жазды.

Белгілі болғандай, оны 2017 жылы музейге әнші әрі сазгер Хафиза Әбуғалиеваның қызы Гүлмайра Чомболаева тапсырған. Көйлектің бұл отбасына қалай келгенінің де өз тарихы бар. Роза Бағланова Хафиза Әбуғалиеваны ерекше жақсы көріп, сахнада киген көйлегін оған сыйға тартқан екен. Кейін сол киім Хафизаның отбасында сақталып, ақырында музей қорына өткен.
Ал 2024 жылы Роза Бағланованың ұлы Тәжен мен келіні Марал әншінің шапанын, бөрігін, сахналық аяқкиімін, концерттік афишасы мен өмірбаяндық кітабын "Анаға құрмет" музейіне табыстаған.
Осылайша, кезінде әлем сахналарында жарқыраған Роза Бағланованың көйлектері бүгінде қазақ өнерінің құнды жәдігеріне айналды. Әр киімнің астарында әншінің талғамы ғана емес, оны дайындаған шеберлердің еңбегі, ел аралаған сапарлары мен сахнадағы ғұмыры жатыр.