Ақын Мөлдір Айтбай белгілі әнші Өмірқұл Айниязовқа арнап жазған әнінің тарихын айтып, өнер иесіне ренішін білдірді. Оның сөзінше, әнші бір жілік еттің ақшасын сұраған, деп хабарлайды ult.kz.

Ақынның айтуынша, ол Өмірқұл Айниязовқа арнап өлең жазбас бұрын әншіден бір жілік ет сұраған. Өнер иесі өтінішін орындап, етті інісі арқылы беріп жіберген. Кейін осы оқиғадан соң ән дүниеге келген.
Мөлдір Айтбай 30 қыркүйекте өткен гранд-финалда ән орындалғаннан кейін Өмірқұл Айниязовтың жұбайы сахнаға шығып, өзіне алтын сақина сыйлағанын еске алды.
"Жеңгем сахнада сөйлеп, "Осынша жасқа келгенде Өмекеңнің он үшінші қабырғасы деген атқа ие қылған Мөлдір қайын сіңіліме" деген кезде, кемі бриллиант набор күттім. Алтын сақина деді", – деп баяндады ақын.
Алайда кейінгі жағдай ақынның көңіліне қаяу түсірген. Мөлдір Айтбай әншіден тағы бір жілік ет сұрағанда, ол жақында мал соятынын айтып, өтінішін жазып қоятынын жеткізген. Кейін ақынға 3300 теңге туралы аудиохабарлама келген.
"Өмірқұл аға аудиохабарлама жіберіпті. Содан 3300 теңге дегенді көтере алмадым. Баласына өзім барып алып кетемін дедім. Етті тиеп берді", – деді ол.
Ақынның сөзінше, ол осы жағдайдан кейін сахнада сыйға алған алтын сақинасын әншінің баласына қайтарып берген.
"Мынаны сенің мамаң келіп, елдің алдында таққан еді. "Он үшінші қабырғаны" жазып беріп, бір қабырғаны сатып алатын болсам, онда мен тақпай-ақ қояйын. Алтын тағып отырып жедім деп елестетейін. Осыны әкеңе бер, осымен есептестік", – деген Мөлдір Айтбай.
Мөлдір Айтбайдың бұл әңгімесі көпшіліктің назарын аударды. Ақын Қайнар Алагөзов те пікір білдіріп, әріптесіне қолдау көрсетті
"Ботам-ау, есіңде болсын: бір ақын он әншіні асырайды, бір әнші он ақынды асырай алмайды", – деп жазды ол.
Әзірге Өмірқұл Айниязовтың аталған жағдайға қатысты пікірі жарияланған жоқ.