Қазақ эстрадасының танымал әншісі, композитор Заттыбек Көпбосынұлы өмірден өткен ата-анасын еске алып, көңіліндегі өкінішімен бөлісті. Өнер иесі анасының орындалмай қалған арманы туралы айтып, жүрек тебірентерлік естеліктерін жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Әнші бұл туралы "Кешкі Алматы" бағдарламасында айтты. Оның сөзінше, әкесі былтыр 88 жасында өмірден өткен. Заттыбек Көпбосынұлы әкесіне перзенттік парызын өтей алғанымен, анасына дәл сондай қамқорлық көрсете алмағанына өкінетінін жасырмады.
"Анамa жасай алмаған құрметті, перзенттік парызымды әкеме жасадым деп ойлаймын. Бірақ бір әттеген-ай сол. Анам марқұмға да солай құрмет көрсетсем ғой деп ойлаймын. Өмір бойғы мәңгілік сағыныш қой. Ол қайтып келмейді", – деді әнші.
Өнер иесі бала күніндегі ерекше бір естелігін де бөлісті. Айтуынша, кішкентай кезінде кейбір дыбыстарды дұрыс айта алмағандықтан, анасы оны еркелетіп "сақауым" деп атаған.
"Кішкентай кезімде тілімді төсеп сөйлейді екем. Бізде ондайларды "сақау" дейді ғой. Мені шешем "сақауым" деп еркелететін еді. Өскеннен кейін, үйленгеннен кейін "Сенің қолыңа кетіп қаламын, сақауымның қолына барып тұрамын" дейтін. Мен де жете алмадым оған, ол кісі де жете алмай кетті. Сол бір әттеген-ай", – деп еске алды композитор.
Заттыбек Көпбосынұлы анасының өзінің өнерге деген қабілетін бала күнінен байқап, әр жетістігіне қуанып отырғанын айтты.
Әншінің сөзінше, 1995–1996 жылдары Шымкент телеарнасындағы "Терме тағылымы" бағдарламасына алғаш қатысқанда, анасы оған бала күнгі арманының біртіндеп орындалып келе жатқанын айтқан.
"Шешем айтып берген еді: "Кішкентайыңда осылай армандайтын едің, сол арманың жайлап орындалып келе жатыр", – деп. Бірақ шешем менің бүгінгі жеткен жетістігімді, 2006 жылдан бергі өмірімді көре алған жоқ. Ол кісі 2001 жылы қайтып кетті. Өмір", – деді әнші.
Осылайша өнер иесі анасының өзінің үлкен сахнадағы жетістіктеріне куә бола алмағанын өміріндегі ең үлкен өкініштерінің бірі ретінде жеткізді.
Заттыбек Көпбосынұлы кім?
Заттыбек Көпбосынұлы – қазақ эстрадасының танымал әншісі, композитор әрі терме орындаушысы. Ол 1974 жылы қазіргі Түркістан облысы Бәйдібек ауданының Кеңес ауылында дүниеге келген.
Өнер жолын 1995 жылы Бәйдібек ауданындағы "Шалдар" балалар саз мектебінде мұғалім болып бастаған. Кейін мәдениет үйінде, "Шаншар" театрында және Шымкент қаласындағы білім беру мекемелерінде қызмет атқарған.
2001 және 2005 жылдары республикалық "Шалқар термесі" байқауының лауреаты атанған.
Әнші көпшілікке "Ақмаржан", "Нартәуекел", "Кім ойлаған?", "Орамал таққан қыз" және "Жаным, сен болмасаң" әндері арқылы кеңінен танылды.