Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Әлі күнге дейін наразымын": Қарагөз Сүлейменова әкесінің екінші әйеліне неге өкпелі?

"Әлі күнге дейін наразымын": Қарагөз Сүлейменова әкесінің екінші әйеліне неге өкпелі?
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Белгілі әнші, актриса Қарагөз Сүлейменова әкесі, жазушы Асқар Сүлейменовтің екінші жұбайы Әлия Бөпежановамен қарым-қатынасы туралы ашық айтты. Өнер иесі әкесінің жеке өміріне қатысты бұрын көпшілікке белгісіз жайттарды баяндап, жазушының қолжазбаларына байланысты ренішін жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Қарагөз Сүлейменова бұл туралы журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында айтты. Әншінің сөзінше, Әлия Бөпежанова бастапқыда әкесіне шәкірт ретінде келіп жүрген. Кейін екеуінің арасында жақын қарым-қатынас орнап, ортақ қыздары дүниеге келген.

Өнер иесі әкесінің екінші рет отбасын құрғаны туралы айтылатын әңгімелермен толық келіспейтінін жеткізді.

"Ол екінші рет шаңырақ көтерді деп айта алмаймын. Әлия Бөпежанова "жазушының зайыбымын, әйелімін" дейді. Бірақ ақиқаты олай емес. Иә, арада қыз бар. Бірақ ол кісі әкемді құлай сүйді, жақсы көрді. Ол кісі әкеме шәкірт сияқты еді, келетін, кететін", – деді әнші.

Қарагөздің айтуынша, әкесі мен Әлия Бөпежанова қыздары дүниеге келгеннен кейін ғана ресми некеге тұрған. Әнші мұндай шешім баланың туу туралы куәлігіне әкесінің тегін жаздыру үшін қабылданғанын айтты.

Сұхбат барысында Қарагөз Сүлейменова әкесінің әдеби мұрасына қатысты да сөз қозғады. Оның айтуынша, жазушы өмірден өткен соң қолжазбалары мен жеке құжаттары өзіне тапсырылған. Кейін Әлия Бөпежанова оларды жинақтап, кітап етіп шығару үшін сұрап алған. Әнші әдебиеттанушының Асқар Сүлейменов шығармаларын жарыққа шығаруға сіңірген еңбегін жоғары бағалайтынын жасырмады.

"Ол кісіге ризамыз. Әкемнің қағаздарын реттеп, кітап қылып шығарғаны үшін. Әрине, ол кісі баспалармен сөйлесті. Өйткені өмір бойы кітап төңірегінде жүрген адам. Оған ризашылығымыз шексіз", – деді ол.

Алайда өнер иесінің айтуынша, кейін әкесінің қолжазбаларын қайтарып алуға тырысқанымен, құжаттардың басым бөлігі өзіне берілмеген.

"100 пайыздың бәлкім 10 пайызы қалған шығар, оның үстінде ксерокстан өткен дүниелер. Маған ол қағаздар қайтқан жоқ. Күні бүгінге дейін ол кісіге осы үшін наразымын. Ол менің әкемнің қағазы. Менің қолымнан алған дүниені маған неге қайтарып бермейсіз?" – деп ренішін білдірді Қарагөз Сүлейменова.

Әнші әкесінің шығармаларын жинақтап, оқырманға жеткізгені үшін Әлия Бөпежановаға алғыс айтқанымен, жазушының түпнұсқа қолжазбалары отбасына қайтарылуы керек деп есептейді.

Айта кетейік, бұл – Қарагөз Сүлейменованың сұхбатта айтқан жеке пікірі мен естеліктері. Әлия Бөпежанованың аталған мәселеге қатысты ұстанымы материалда келтірілмеген.