Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды»

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды»
Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев III Стратегиялық серіктестер форумында сөйлеген сөзінде «Заң және Тәртіп» қағидатының маңызына тоқталып, сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне ерекше назар аударды, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, «Заң және Тәртіп» – мемлекеттік саясаттың жай ғана қағидаты емес, Әділетті Қазақстан құру жолындағы басты мұраттың өзегі.

Президент елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар әділдік, отаншылдық, толеранттылық, еңбекқорлық, шығармашылық, зайырлылық және прогресс құндылықтарына негізделетінін атап өтті. Сондай-ақ Конституцияда заң мен сот алдында барлығының тең екені нақты бекітілуі бұл өзгерістердің нәтижесін нығайта түсетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекеттің табанды ұстанымы болып қала беретінін жеткізді.

«Жемқорларға ешқандай аяушылық немесе рақымшылық болмайды», – деді Президент.

Оның пікірінше, жемқорлық халықтың мемлекетке деген сеніміне нұқсан келтіріп, елдің дамуына кедергі жасайды әрі жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижесін жоққа шығарады.

Мемлекет басшысы кінәлі адамдардың ешқайсысы заң алдындағы жауапкершіліктен жалтара алмайтынын баса айтты. Бұл ретте адамның лауазымы, бұрынғы еңбегі немесе ықпалды қамқоршылары оны жауапкершіліктен босатуға негіз болмауға тиіс.

Президент заң алдында барлығы тең болуы керектігін атап өтіп, реформаларды соңына дейін жеткізу және халықтың үмітін ақтау үшін осы ұстанымды берік сақтау қажеттігін жеткізді.