Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Тоқаев «Халықтық құрылыс» аясындағы қаржының жұмсалуын арнайы комиссия бақылайтынын айтты

Тоқаев «Халықтық құрылыс» аясындағы қаржының жұмсалуын арнайы комиссия бақылайтынын айтты
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар адамдарды «Халықтық құрылыс» бағдарламасына зиян келтіруге тырысып отырған «қас жауымыз» деп атады. Президент барлық әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан сапалы салынуы керегін айтып, мемлекеттік қаржының жұмсалуын арнайы комиссия бақылайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Тоқаевтың айтуынша, ел жаңа тарихи кезеңге қадам басқандықтан, бұрынғы жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды. Әділетті Қазақстан құру жолында жалқаулық пен селқостыққа жол берілмеуі керек.

«Сыбайлас жемқорлыққа батқан ниеті теріс кісілер – біздің қас жауымыз. Олар қазірдің өзінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыруға кедергі келтіріп, зиян тигізуді ойлап жүр. Біз бұған, әлбетте, ешқашан жол бермейміз», – деді Президент.

Мемлекет басшысы жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт кешендері сапалы салынуы тиіс екенін атап өтті. Бұл талаптың мүлтіксіз орындалуы қажет.

Президенттің сөзінше, мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын арнайы мемлекеттік комиссия қадағалайды. Комиссияның құрамы келесі аптаның басында жарияланады.

Тоқаев бұл жұмыстың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттырып, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту екенін айтты. Осы бағытта Конституцияда бекітілген заң, әділеттілік және тәртіп қағидаттары басшылыққа алынатынын жеткізді.