Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады

Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді. Президент бұл жағдайды мемлекеттік компанияларда жемқорлықтың белең алғанын көрсететін күрделі оқиға деп бағалады, деп хабарлайды ult.kz.

Тоқаевтың айтуынша, тергеу жұмыстары енді басталғандықтан, оның барысы мен мән-жайын жариялауға заң бойынша шектеу қойылған. Дегенмен Мемлекет басшысы бұл істің маңыздылығына тоқталды.

«Бұл – біз «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын жариялап, оны Конституциямызда мемлекеттік басқару мен қоғам өмірінің басты қағидаты ретінде бекіткелі бері біртұтас жүйеге кіретін мемлекеттік компанияларда болып тұрған сыбайлас жемқорлыққа қатысты алғашқы ірі іс», – деді Президент.

Мемлекет басшысы Конституция талаптарын бұзуға және оны кемсітуге ешкімнің құқығы жоқ екенін атап өтті. Оның сөзінше, Ата заңның негізгі ережелерін сақтамағандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң жазаланады.

«Конституцияны күлкі қылу, оның негізгі ережелерін менсінбеу халқымызды кемсітумен бірдей. Ондай әрекет жасағандар «Заң мен Тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң түрде жазаға тартылатын болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент «Самұрық-Қазына» қорының ел экономикасындағы стратегиялық маңызын да атап өтті. Қор ұлттық активтерді басқарып, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асырады, сондай-ақ шетелдік компаниялармен және халықаралық қаржы институттарымен жұмыс істейді.

Тоқаевтың пікірінше, мұндай серіктестіктердің негізінде ұзақ жылдарға созылатын келіссөздер мен халықаралық қауымдастықтың Қазақстанға деген сенімі жатыр. Сондықтан мемлекеттік компаниялардың қызметіне қатысты мәселелер елдің абыройы мен халықаралық беделіне тікелей әсер етеді.