Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Баланы ата-әжеге бермеу керек": Ұшқын Жамалбек ел күтпеген мәлімдеме жасады

"Баланы ата-әжеге бермеу керек": Ұшқын Жамалбек ел күтпеген мәлімдеме жасады
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Танымал әнші, композитор әрі продюсер, бұрынғы "Алашұлы" тобының мүшесі Ұшқын Жамалбек ата-әжесінің тәрбиесінде өскенін айтып, бала күнінен көңілінде қалған өкінішімен бөлісті, деп хабарлайды ult.kz. 

Өнер иесі "Кешкі Алматы" бағдарламасында қазақ отбасыларында бұрыннан қалыптасқан баланы ата-әжесінің бауырына салу дәстүрі туралы сөз қозғады. Әншінің айтуынша, оны небәрі тоғыз айлық кезінде ата-әжесі қолына алып, өз баласындай өсірген. Сондықтан ол туған әке-шешесін күні бүгінге дейін "аға-тәте" деп атайды.

"Мен шал мен кемпірдің баласымын. Анам мен әкемді "аға-тәте" деймін. Тоғыз айлық кезімде бауырларына салып, өсірген. Екі жыл болды ол кісілердің өмірден өткендеріне. Өсиеттері ғой енді. Мынау әкең, мынау анаң деп айтты. Беттерінен алып жүрме. Бұрынғыдай аға-тәте деп еркелеп жүрме, бұл сенің кәдімгі заңды әке-шешең деді. Оны енді бұрынғыдан білесің ғой. Бірақ әлі күнге дейін әкемді аға, ал анамды тәте деймін. Біз жақта тәте дейді. Ол кісілер қазір қолымда", – деді әнші.

Әңгіме барысында бағдарлама жүргізушісі қазіргі қоғамда баланы ата-әжесінің тәрбиесіне бермеу керектігі жиі айтылатынын жеткізді. Ұшқын Жамалбек бұл пікірмен келісетінін айтып, оның себебін өз өмірімен байланыстырды.

Әншінің сөзінше, ата-әжесінің мейіріміне бөленіп өскенімен, туған әкесімен әке мен балаға тән жақындықты сезіне алмаған.

"Дұрыс, бермеу керек. Бермеу керек дегенде, ата-ана өзі тәрбиелеу керек екен. Біз оны білмейміз ғой, кезінде солай болды. Мен өзім басымнан өткізген адаммын оны. Әлі күнге дейін әкеме барып "әке" деп еркелей алмаймын. Аға ретінде көремін. Менің ондай махаббатым сол ата-әжемде қалып қалған ғой", – деп ағынан жарылды өнер иесі.

Ол ата-әжесінің қолында өскеніне өкінетінін айтқан жоқ. Дегенмен әр баланың өз әке-шешесінің жанында өсіп, ата-әжесін де өз орнымен танығаны дұрыс деп есептейді.

"Басқаларды білмеймін, бірақ мен өзім бұны құптаймын. Ата-анасымен тұру керек. Ал ата-әжеге сол ата-әжең деп үйрету керек", – деп түйіндеді әнші.

Айта кетейік, Ұшқын Жамалбек – көпшілікке "Алашұлы" тобы арқылы танылған әнші, композитор және продюсер. Бүгінде өнер иесі екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған төрт баланың әкесі.