Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты тәрбие беру функцияларын атқаратын жұмыскерді «моральға жат қылық» жасағаны үшін жұмыстан босатуға мүмкіндік беретін Еңбек кодексінің нормасын Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан қарады, деп хабарлайды ult.kz.
Іске мектепте педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің шешімі негізінде жұмыстан босатылған азаматтың өтініші себеп болған. Ол қабылданған шешіммен келіспей, алдымен келісу комиссиясына, кейін соттарға жүгінген. Алайда іс бойынша шығарылған сот актілері өзгеріссіз қалдырылған.
Өтініш беруші Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14) тармақшасында көзделген «моральға жат қылық» ұғымының нақты құқықтық белгілері мен объективті өлшемшарттары жоқ деп есептейді. Оның пікірінше, бұл норманы әртүрлі түсіндіруге және кеңінен қолдануға мүмкіндік береді. Соның салдарынан еңбек ету және сот арқылы қорғалу құқықтары бұзылуы мүмкін.
Конституциялық Сот өз түсіндірмесінде заңнамада адамгершілік қағидаттарына қатысты нормативтік талаптар белгіленгенін атап өтті. Атап айтқанда, педагогикалық әдепке қойылатын арнайы талаптар мен оларды бұзғаны үшін жауаптылық көзделген.
Соттың пікірінше, «моральға жат қылық» – бағалау сипатындағы құқықтық ұғым. Сондықтан оның мазмұнын барлық ықтимал әрекеттердің түпкілікті тізімі арқылы толық айқындау мүмкін емес. Мұндай жағдайларды бағалау кезінде нақты істің мән-жайлары, сондай-ақ әлеуметтік, мәдени және кәсіби ерекшеліктер ескерілуі қажет.
Осыған байланысты Конституциялық Сот аталған ұғымның нақты жағдайларды ескере отырып қолдануға мүмкіндік беретін жеткілікті нормативтік айқындыққа ие деген қорытындыға келді. Сонымен бірге өтініш берушінің келісу комиссиясы мен соттарға жүгіну арқылы өз құқықтарын қорғаудың заңда белгіленген тетіктерін пайдаланғанын атап өтті.