Белгілі журналист әрі блогер Мөлдір Анарбаева Астанадағы көпқабатты үйлердің бірінен қомақты ақша шашылған оқиғаға үн қатып, байлық пен ақшаға құнығу туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Журналист әлеуметтік желідегі жазбасында жұртты өзгенің қалтасына көз тікпеуге шақырды. Оның сөзінше, ақша адамның берекесін қашырып, тыныштығын бұзуы мүмкін. Әсіресе оның қайдан келгені күмәнді болса, арты жақсылыққа апармайды.
"Байдың малын байқұс қызғаныпты болмасын, тыныш отырайық, егер өзінікі болса. Киноң жолда қалды. Халық құдайдың бір аты, ақшаның буы оңдырмайды, әсіресе ұрлық болса. Көп ақшаң болса да бәле, ұйқы жоқ, терезеден лақтырасың", – деп жазды ол.
Мөлдір Анарбаева отбасындағы қаржы мәселесіне де тоқталды. Ол әйелдердің күйеуінен өзгелермен бәсекелесіп, қалайда көп ақша табуды талап етуін құптамайтынын жеткізді.
"Өткенде ғана айтып едім, "Көп ақша әкелсе байыңнан сұра, айтып отыр жөніңмен жүр!" деп. Бірақ байдың қатыны мені тыңдай ма?! Тып-тыныш тапқан ақшаңызға риза болып, уайымсыз ұйқыңызды қанағат қылыңыз! Байыңызға біреуді үлгі қылып, қалайда көп ақша тап! – дегенді қойыңыз! Қиын…", – деді блогер.
Журналистің жазбасы желі қолданушыларының да назарын аударды. Көпшілік Астанадағы оқиғаны қызу талқылап, әзіл аралас пікірлерін жаудырған.
"Осындай кезде Астананың желі де болмады ғой", "Аспаннан доллар жауған күнді де көрдік", – деп жазды желі қолданушылары.
Айта кетейік, бұған дейін елордадағы тұрғын үйлердің бірінде терезеден доллар шашылғаны туралы ақпарат тараған еді. Ерекше оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
Мөлдір Анарбаева кім?
Мөлдір Нұрланқызы Анарбаева – қазақстандық журналист, тележүргізуші әрі танымал блогер. Ол 1985 жылы Жамбыл облысының Шу ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.
2008 жылдан бастап "JAMBYL" телеарнасында қызмет атқарып, "Сіз не дейсіз?" ток-шоуы мен "Ол және өмір" бағдарламасын жүргізген. Кейін әлеуметтік желіде отбасылық өмір, бала тәрбиесі және қоғамдағы өзекті мәселелер туралы әзіл аралас бейнероликтерімен танылды. Журналист қайырымдылық шараларына да атсалысып, мұқтаж отбасыларға қаржы жинауға көмектескен.