Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ-дағы жемқорлық мәселесін көтеріп, Үкіметке шұғыл тапсырма берді

Тоқаев «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ-дағы жемқорлық мәселесін көтеріп, Үкіметке шұғыл тапсырма берді
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен бақылаушы органдарға сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту және квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың жұмыс сапасын жақсарту жөнінде ұсыныс енгізуді тапсырды. Тапсырманы орындау мерзімі – биылғы 24 қараша, деп хабарлайды ult.kz.

Президент жоғары лауазым иелерінің жауапкершілігіне тоқталып, ешкімнің заңнан жоғары тұрмайтынын атап өтті.

«Қоғамымызда атқаратын лауазымына, сіңірген еңбегіне не болмаса тамыр-таныстарына, соның ішінде туыстық байланыстарына қарамастан, ешкім де заңнан аттап кете алмайды. Бұл – мен үшін мызғымайтын ұстаным», – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы соңғы уақытта кейбір келісімдер мен шарттардың қайта қаралғанын айтып, кәсіпкерлерге кедергі жасау биліктің мақсаты емес екенін жеткізді. Сондай-ақ 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге арналған тағы үш жылдық мораторий жариялау тапсырылғанын еске салды.

Тоқаев «Самұрық-Қазына» қоры мен мемлекеттік компаниялардың жұмысы, соның ішінде «Қазақстан темір жолының» қызметі үздіксіз жалғасатынын мәлімдеді. Оның пікірінше, жемқорлыққа қарсы күрес инвесторлар мен несие берушілердің сенімін арттырып, мемлекеттік институттардың ашық әрі тиімді жұмыс істеуіне ықпал етуі керек.

Президент Бас прокуратураның заңсыз иемденілген жалпы сомасы 1,3 триллион теңгеден асатын активтерді қайтарғанын да атап өтті. Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысан салуға бағытталған. Қазіргі уақытта олардың 383-і, соның ішінде медициналық мекемелер, мектептер, спорт кешендері мен сумен жабдықтау желілері пайдалануға берілген.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы салынған нысандардың, әсіресе жолдардың сапасын тексеру қажеттігін айтты.

«Осы оқиғаның өзі жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар мемлекеттік компаниялардың ең осал тұсы, яғни басты дерті екенін айқын көрсетіп отыр», – деді Президент.

Осыған байланысты Үкімет пен бақылаушы органдар 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарын азайту және квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын жақсарту жөнінде ұсыныс әзірлеуі керек.