Қазақстандық ғалымдар 1959 жылы табылған көне күміс бас киімнің құпиясын зерттеп жатыр

Қазақстандық ғалымдар 1959 жылы табылған көне күміс бас киімнің құпиясын зерттеп жатыр
Gov.kz

Марғұлан университетінің ғалымдары Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған көне күміс бас киімнің жасалу технологиясы мен шығу тегін анықтап жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Археологиялық зерттеулер институтының мамандары жәдігерге рентгендік-флуоресценттік талдау жүргізіп, оның металл құрамын зерттеуде. Алдын ала мәлімет бойынша, бас киім құрамындағы күмістің үлесі шамамен 97 пайызды құрайды.

1959 жылы табылған жәдігердің тарихи әрі ғылыми маңызы зор. Мамандар оның жұқа әрі нәзік құрылымы қандай технологиямен жасалғанын анықтауға тырысып жатыр. Бас киімнің кейбір бөліктерінің қалыңдығы небәрі бірнеше миллиметрді құрайды.

Зерттеушілерді бұйымның бүгінге дейін жақсы сақталғаны да қызықтырады. Еуразияның табиғи-климаттық жағдайында күмістен жасалған заттар уақыт өте келе бүлінуі мүмкін. Сонымен қатар Қазақстан мен оған іргелес өңірлерден осы кезеңге жататын ұқсас бұйымдар әзірге табылмаған.

Ғалымдар алдағы уақытта бас киімнің ықтимал шығу тегін анықтауды жоспарлап отыр. Зерттеу нәтижелері мүмкіндік берсе, бұйымды жасауға пайдаланылған күмістің шикізат көзі мен кен орнын да анықтау көзделген.

Музей мен Марғұлан университетінің бірлескен зерттеуі көне зергерлердің шеберлігін, сол дәуірдегі металл өңдеу технологияларын және тарихи жәдігердің ерекшеліктерін тереңірек тануға мүмкіндік береді.