Роза Рымбаеваның келіні Ақерке Бүркітбай енесін туған күнімен құттықтап, жүрекжарды тілегін арнады. Ол жазбасында әншіге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және шығармашылық табыс тіледі, деп хабарлайды ult.kz.
«Мам, туған күніңізбен! Деніңіз сау, ғұмырыңыз ұзақ болсын! Әрдайым сахнаның төрінде жарқырап, еңбегіңіздің жемісін көріңіз», – деп жазды Ақерке.
Сондай-ақ ол Роза Рымбаеваның немересі Зейіннің қызығын көріп, әр жетістігіне қуана беруіне тілектестік білдірді.
«Жүрегіңіз тыныш болып, аман-есен жүз жасаңыз! Біз әрдайым жаныңыздамыз», – деп түйіндеді келіні.
Айта кетейік, Әли Оқаповтың үлкендердің қолына су құйып жүрген видеосы тарады.
Роза Рымбаева кім?
Роза Қуанышқызы Рымбаева – қазақ эстрадасының көрнекті әншісі, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері. Ол 1957 жылғы 28 қазанда бұрынғы Семей облысындағы Жаңғызтөбе станциясында дүниеге келген. Теміржолшы отбасында өскен өнер иесі жастайынан ән айтуға бейім болған. Кейін Алматыдағы театр-көркемсурет институтында білім алып, оны 1984 жылы тәмамдаған.

Әншінің кәсіби сахнадағы жолы «Гүлдер» ансамблімен байланысты. Ол 1976–1979 жылдары осы ұжымның солисі болып, кейін «Арай» ансамблінде өнер көрсеткен. Бұл ансамбльдің көркемдік жетекшісі оның жұбайы, музыкант әрі дирижер Тасқын Оқапов еді. Екеуінің шығармашылық байланысы Роза Рымбаеваның орындаушылық жолында маңызды орын алды.
Роза Рымбаева 1977 жылы Болгарияда өткен «Алтын Орфей» халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алып, кеңінен танылды. Сол жылы «Өмірді әнмен өрнектеп» бүкілодақтық телевизиялық байқауында да топ жарды. Оның өнер жолындағы танымал туындыларының бірі – композитор Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әні. Әншінің орындауындағы бұл шығарма қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ерлігін ән арқылы танытты. 1983 жылы Кубадағы «Гала-83» халықаралық байқауында да бас жүлде иеленді.

Өнердегі еңбегі үшін Роза Рымбаева 1979 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, 1986 жылы халық әртісі атанды. 2019 жылы оған «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, «Алтын жұлдыз» айрықша белгісі мен «Отан» ордені табысталды. Әншілікпен қатар ұстаздықпен де айналысып, жас орындаушылардың кәсіби қалыптасуына үлес қосты.
Роза Рымбаева мен Тасқын Оқаповтың Әли және Мәди есімді екі ұлы бар. Тасқын Оқапов 1999 жылы өмірден өтті. Әли 1991 жылы, Мәди 2000 жылы дүниеге келген.