“Заманback” фильмінің продюсері Серік Ибрагимов Рамазан Амантайға 32 миллион теңге төлегенін айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Продюсердің сөзінше, фильмге түскен өзге актерлердің ақысы әлдеқайда аз болған. Ол қатысушылардың бастапқыда жағдайдан хабардар болғанын жеткізді.
“Рамазан Амантайға 32 млн теңге бердім. Қалғандары тегін түсті десе де болады. Басында бәрі жағдайды білді”, – деді Серік Ибрагимов.
Әнші әрі продюсер бастапқыда Рамазанға көлік сыйлауды ойлағанын да айтты. Кейін бұл жоспары өзгеріп, оған пәтердің құнына тең қаражат берген.
“Рамазанға бәрі жақсы болса көлік мінгізу ойымда болған. Ол көлік кейін пәтерге ауысты. Бір пәтердің ақшасын бердім”, – деді ол.
Айта кетейік, Рамазан Амантай туралы жағымсыз хабар тарады.
Рамазан Амантай кім?
Рамазан Болатұлы Амантай – қазақстандық актер, әнші, тележүргізуші, композитор және ақын. Көрерменге “Айналайын” телехикаясындағы рөлі арқылы таныс.

Ол “Қазақша бизнес”, “Қазақша бизнес Америкада”, “Қазақша бизнес Африкада” фильмдеріне және “Salem, мен Нұрлан Қоянбаев” веб-сериалына түскен. 2024 жылы жарық көрген “Заманback” фильмінде басты кейіпкер Азаттың рөлін сомдаған.

Фильмнің екінші бөлімінде де осы кейіпкерді ойнады. Актерлікпен қатар ән жазып, музыкалық шығармашылықпен айналысады.