Танымал актер Рамазан Амантай осы күнге дейін тапқан табысын дұрыс жұмсай алмай, әлі баспаналы болмағанын айтты. Өнер иесі қаржыға қатысты қателіктерін еске алып, көзіне жас алғанын да жасырмады, деп хабарлайды ult.kz.
Рамазан Амантай бұл туралы журналист Айнұр Асанбердінің "Әңгіме бар" подкасына берген сұхбатында айтты. Оның сөзінше, осы уақытқа дейін тапқан ақшасына бірнеше баспана сатып алуға мүмкіндік болған. Алайда ол қаражатын жинаудың орнына оңды-солды жұмсаған.
"Жиырма үй алатындай ақшам болған шығар осы күнге дейін. Бірақ ақылым болмапты. Әйелім айтпайды емес, айтады. Мен бой бермеймін. Ақшаны әйелім жинайтын шығар деп ойлайтын шығар, бірақ ақша өзімде болады. Ешқандай жағдайда оған бермеймін. Өзімде ғана болады. Мен далаға шашамын. Көп ақымақтығыма куә бауырларым бар. Соның барлығын есіме түсіріп, жылап жібердім", – деді актер.
Сұхбат барысында өнер иесі жұбайымен арадағы қарым-қатынасына да тоқталды. Ол бір концертте әйелінің көзінше бұрынғы махаббаттарын еске алып, әндерінің кімдерге арналғанын көпшілікке айтып бергенін жеткізді.
Актер кейін бұл әрекетінің жарына ауыр тигенін түсінген.
"Ол кеште мен бұрынғы махаббаттарым туралы айтып тұрмын ғой, түріме қарамай. Әндерімнің тарихын айтып тұрмын. Бірінші жүрген қыз, екінші жүрген қыз деп. Соңында осы әңгімені тыңдап отырған әйеліме оңай емес. Бірақ мың жылда бір туатын ақындардың әйелі де мың жылда бір туады. Сол үшін анау-мынау адам өнер адамына жар болмайды. Сол үшін де рақмет деп кешірім сұрадым", – деді ол.
Осы оқиғадан кейін Рамазан Амантай жұбайына деген сезімін ән арқылы жеткізген. Өнер иесі Қазыбек Құрайыш орындайтын "Сүйемін" әнін жарына арнап жазғанын айтты.
"Қазыбек ағамыз айтып жүрген "Шексіздіктен сезімге толы ішім" деген әнді бетіне қарап отырып жазған едім. Соңында екеуміз жылап қалдық", – деп еске алды актер.
Осылайша, Рамазан Амантай сұхбатында өткен өміріндегі қаржылық қателіктерін ғана емес, өнер жолында жанынан табылған жұбайының төзімі мен қолдауын да ерекше бағалайтынын жеткізді.
Рамазан Амантай кім?
Рамазан Болатұлы Амантай – қазақстандық актер, ақын, ән авторы әрі кинопродюсер. Ол 1998 жылы 28 желтоқсанда Алматы облысының Талғар қаласында дүниеге келген. Әкесі Болат – экономист, ал анасы Роза Есбосынова – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген күйші. Рамазан бала кезінен домбыра тартып, Қытай, АҚШ, Испания, Италия, Франция және Германия елдерінде өнер көрсеткен. Ол "Көкіл" мектебінде білім алып, кейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқыған.
Өнер жолын ерте бастаған актер "Айналайын" телехикаясында Арман есімді кейіпкерді сомдаған.
Көпшілікке "Қазақша бизнес" фильміндегі Еркөш рөлі арқылы кеңінен танылды.
Сондай-ақ 2024 жылы жарық көрген "Заманback" фильмінде басты кейіпкер Азаттың рөлін сомдады. 2026 жылғы 22 қазанда кинотеатрларға жол тартқан "Заманback 2" фильмінде де осы кейіпкердің бейнесін алып шықты. Аталған туындыда Азат өткен шаққа оралып, әкесінің жастық шағымен танысады.
Актерлік өнермен қатар ән жазумен айналысатын Рамазан Амантай 2023 жылғы сұхбатында 400-ден астам ән жазғанын айтқан. Оның қаламынан "Аягөз, қайда барасың?", "Проблема жоқ", "Тәтті махаббатым" секілді әндердің мәтіні туған.