Тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы ұйқысыз түндері мен тынымсыз жұмысы туралы жазба жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Ол күнделікті міндеттерін қатар алып жүру кейде адамның қалауынан тыс қажеттілікке айналатынын жеткізді.
“Бәріне бірдей үлгеру – кейде таңдау емес, міндет. Ағзама мың алғыс. Ұйқысыз түндер мен бос уақытсыз күндерге төтеп беріп, мені бір орында отырғызбайтын күш үшін”, – деп жазды тележүргізуші.
Ләйлә Сұлтанқызы осындай қарбалас тіршілікпен жүргеніне төртінші жыл болғанын атап өтті.
“Әне-міне дегенше қараша да басталды. Міндетім мен қарбалас жұмысым – амалсыз таңдауға айналғанына төртінші жыл. Күш-қуаттан айырмасын”, – деді ол.
Айта кетейік, Ләйлә Сұлтанқызы сын айтқандарға жауап берді.
Ләйлә Сұлтанқызы кім?
Ләйлә Сұлтанқызы Сеңгірбекова – қазақстандық тележүргізуші, журналист, продюсер және медиаменеджер. Ол 1977 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1997 жылы “Шаһар” телерадиокомпаниясында жүргізуші болып бастаған. Кейін продюсерлік қызмет атқарып, “Хит ТВ” телеарнасын басқарған. Көрерменге “Әйел бақыты” ток-шоуының авторы әрі жүргізушісі ретінде кеңінен танылды. 2016 жылы “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” құрметті атағын алған.

2012–2017 жылдары “Балапан” телеарнасының директоры қызметін атқарған. 2023 жылы Астана қалалық мәслихатының VIII сайланым депутаты болып сайланған. Сонымен қатар ол – “Менің екінші кітабым” еңбегінің авторы. 2016 жылы жарық көрген кітапта өзінің өмірінен алынған әңгімелер мен “Әйел бақыты” бағдарламасы кейіпкерлерінің оқиғалары қамтылған.