«Дипломмен ауылға»: 2,5 мың маман ауылдағы міндетін орындамай кеткен

«Дипломмен ауылға»: 2,5 мың маман ауылдағы міндетін орындамай кеткен
depositphotos.com

«Дипломмен ауылға!» бағдарламасы аясында тұрғын үй кредитін алған 2 532 маман міндетті мерзімін өтемей, ауылдан кеткен. Бұл туралы Құрылтай отырысында «Ауыл» партиясының өкілі Шахмардан Байманов мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Депутаттың айтуынша, бағдарлама іске қосылғалы 55 237 маман тұрғын үй кредитін алған. Олардың 95,4 пайызы үш жылдық міндеттемесін орындаған. Алайда ауылда тұрақтап қалғандар саны – 43 384 маман немесе 82,3 пайыз.

Сонымен қатар 9 321 маман міндетті мерзімін аяқтағаннан кейін ауылдан көшкен, ал 2 532 адам келісімшарт талаптарын мерзімінен бұрын бұзған.

Осыған байланысты фракция депутаттары Үкіметке жас мамандарды ауылда ұзақ мерзімге тұрақтандыру жөнінде ұсыныстар жолдады. Олар кадр қажеттілігін алдын ала жоспарлауды, жұмыс орындары мен тұрғын үй мүмкіндіктерін байланыстыруды және мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бағалауды ұсынды.

«Біз жаңа бағдарлама немесе қосымша қаржы сұрамаймыз. Мақсатымыз – қолданыстағы мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру. Ең бастысы – жастардың ауылда тұрақты жұмыс істеп, өз болашағын құруына жағдай жасау», – деді Шахмардан Байманов.