Биыл «Мәңгілік бала бейне» шығармасына 30 жыл толады. Мерейтой қарсаңында шығарма ерекше жанрда жарыққа шықты, деп хабарлайды ult.kz.
Семей полигонының зардабын қасіретті тағдыр арқылы суреттейтін бұл шығарма осы уақыт ішінде өнер сүйер қауымның жүрегінен орын алып, өзінің оқырманын да, көрерменін де қалыптастырды.
Егер тәуелсіздігімізді алмағанда «Мәңгілік бала бейне» сияқты шығарма жазылмайтын еді. Шығарма авторы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова ult.kz тілшісіне берген сұқбатында осылай деді.
Жолы болған шығарма

«Тәуелсіздікке дейін қазақ әдебиетінде қаншама жабық тақырыптар болды. Ал біз тәуелсіздік алған кезде мүмкіндік зор болды. Бұрынғы кеткен есемізді қайтаруға бізге мүмкіндік туды. Әдебиетте оқырманға, көрерменге айтылмаған ақиқатты ашатын кезде бізге тәуелсіздік берді», - деді Роза Мұқанова.
Роза Мұқанова «Мәңгілік бала бейнені» жолы болған шығарма деп есептейді.
«Себебі ол менің ең алғашқы шығармам еді. Кейіннен білесіздер, осы шығарманың негізінде пьеса жаздым. Оны әйгілі режиссеріміз, реформатор режиссеріміз Болат Атабаев сахнаға қойды. «Мәңгілік бала бейне» 30 жыл бойы репертуарда келе жатқан шығарма. Мұнан кейін қазақтың көрнекті, атақты кинорежиссері Сатыбалды Нарымбетов «Қыз жылаған» деген кино түсірді. Бұл кино әлемге шығарылды, әлем фестивальдарына барып халықаралық жүлделерге ие болды», - деді шығарма авторы.
Спектакль-кітапта оқырман әр кейіпкерді көре алады
Енді міне «Мәңгілік бала бейне» шығармасы қазақ және ағылшын тілдерінде спектакль-кітап форматында жарыққа шығып, жаңа тыныс алды.
Спектакль-кітаптың тұсаукесері Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өтті.

Осы уақытқа дейін мұндай жанрда үлкен шығарма шықпаған екен. Оны тұңғыш рет «ARMAN-PV» баспасының бас директоры Дидара Алина бастамашылық етіп, Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығамасын спектакль-кітап ретінде шығарған.
Спектакль-кітаптың ерекшелігі — шығармадағы кейіпкерлер графикалық суретпен салынуында. Роза Мұқанованың айтуынша, оқырман кітапты оқып отырған кезде әр кейіпкерін көре алады.
«Қатираны да, Шөкішті де, Құмарды да және әр кейіпкердің образы ашылған», - дейді ол.
Бұл кітаптың шығуына үлкен үлес қосқан көрінекті суретші Алмас Сырғабаев екенін айтып отыр автор.
«Кез келген істі бастайтын кезде шығарманың әрі қарай өміршең болуына үлкен бір команда жұмыс істейді. Мысалы, театрға қойылған кезде шығарманың халыққа ұнауына композитордың еңбегі, актерлер мен режиссердің еңбегі өз үлесін қосады. Дәл солай бүгінгі спектакль-кітапта да тек қана автордың еңбегі емес, баспаның да, суретшінің де еңбегін айту лазым», - деді сұқбаттасымыз.
Әлемге жол тартқан шығарма
Айта кетейік, биыл Германияда өткен халықаралық кітап көрмесінде кітаптың ағылшын тіліндегі аудармасы ұсынылды. Бұл қазақ әдебиетінің маржаны саналатын Роза Мұқанованың шығармасын әлемдік өнер сүйер қауымға таныстырудың тағы бір мүмкіндігі болды.
«Мен осы арқылы өзімнің оқырмандарымды, зерттеушілерімді, аудармашыларымды таптым», - дейді Р. Мұқанова.
Жалпы «Мәңгілік бала бейне» Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне аударылып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі ғалымдар зерттеп, талдап келеді.