2026 жылы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық берілмейді. Комиссия мүшелері байқауға ұсынылған жеті жұмыстың ешқайсысы бойынша ортақ шешімге келе алмаған. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Абай атындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы вице-президент Ерлан Қариннің төрағалығымен өтті.
Жиында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев конкурстың екінші кезеңіне өткен туындыларды қоғамдық талқылау қорытындысын таныстырды.
Зиялы қауым өкілдерінен құралған комиссия әдебиет, музыка, театр және бейнелеу өнері бағыттары бойынша ұсынылған жеті жұмысты қарады.
"Дауыс беру нәтижесінде комиссия мүшелері ұсынылған туындылар жөнінде ортақ шешімге келе алмады. Осыған байланысты биыл Абай атындағы мемлекеттік сыйлық берілмейтін болды", - деп хабарлады министрлік.
Отырыс барысында байқау жүйесін жетілдіру мәселесі де көтерілді. Атап айтқанда, жұмыстарды бағалау талаптарын қайта қарау, сараптамалық сүйемелдеу тетіктерін жетілдіру және конкурстық іріктеу рәсімдерін жүйелеу ұсынылды.