Алматыда қуыршақ өнерінің үздіктері марапатталды

Алматыда қуыршақ өнерінің үздіктері марапатталды
Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының баспасөз қызметі

Алматы қаласында 21-24 қазан күндері аралығында IV Халықаралық «Almaty Puppet Festival – 2026» қуыршақ театрлар фестивалі өтті. Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры ұйымдастырған фестивальге 11 елден 14 театр ұжымы, 150-ден астам қуыршақ шеберлері қатысты, деп хабарлайды ult.kz.

2023 жылы бастау алған халықаралық кездесу биыл төртінші мәрте өткізілді. Фестиваль Түркия, Ресей, Италия, Франция, Иран, Молдова, Әзірбайжан, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан театрларын біріктірді. Елімізден Астана, Қостанай және Жетісай қалаларының ұжымдары өнер көрсетті.

Төрт күндік бағдарлама көрермендерді түрлі елдердің ұлттық сахналық дәстүрлерімен, қуыршақты жүргізу тәсілдерімен және режиссерлік шешімдерімен таныстырды. Театр мамандары шығармашылық тәжірибесімен бөлісіп, спектакльдер төңірегінде кәсіби пікір алмасты.

Фестиваль бағдарламасында Иранның Тегеран қаласынан келген «Deemak» театры «Маршмэллоу», Түркияның Ыстанбұл қаласынан келген «Карагөз» театры «Әлем жұлдыздарының шоуы», Ферғана облыстық қуыршақ театры (Өзбекстан) «Чемодан», Гянджа мемлекеттік қуыршақ театры (Әзірбайжан) «Кот в сапогах» спектакльдерін ұсынды. Ал Мұса Жангазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры (Қырғызстан, Бішкек) «Пегий пес, бегущий краем моря», Татар мемлекеттік академиялық «Экият» қуыршақ театры (Ресей, Татарстан, Казань) «Адәмнәр», Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театры» «Қағазды жаңбыр» спектакльдерін сахналады. Сондай-ақ, Молдованың Кишинев қаласынан келген «Izvorașul Vesel» қуыршақ театры «Принцесса Крапинка», Озургети қаласының Александр Цуцунава атындағы кәсіби мемлекеттік драма театры (Грузия) «The Dog», ал Екатеринбургтің «Тохот» театры (Ресей) «Зверский детектив» спектакльдерін көрермен назарына ұсынды.

Ашылу салтанатында Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры робот-қуыршақты таныстырды. Сахналық бағдарламаға қатысқан ерекше кейіпкер дәстүрлі қуыршақ өнері мен заманауи технологияны ұштастыруға бағытталған тәжірибе болды. Қуыршақты басқарудың жаңа мүмкіндіктерін көркемдік мақсатта қолдану театрдың шығармашылық ізденістерінің бірі ретінде ұсынылды.

Қатысушы театрлардың спектакльдерін кәсіби қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының төрағасы: театртанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек. Қазылар құрамына: театртанушы, өнертану кандидаты, профессор, Қазақстан халықаралық театр сыншылары бірлестігінің мүшесі Меруерт Жақсылықова; театртанушы, театр сыншысы, өнертану кандидаты, доцент, Заһир Исмағилов атындағы Уфа мемлекеттік өнер институтының Өнер тарихы және теориясы кафедрасының меңгерушісі Айсылу Сагитова; Мемлекеттік академиялқ қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, режиссер, актер Кубанычбек Адылов кірді.

Фестиваль қорытындысы бойынша Гран-При «Үздік спектакль» жүлдесін Мұса Жангазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры иеленді.

«Үздік режиссер» номинациясы Татар мемлекеттік академиялық «Экият» қуыршақ театрына; «Үздік актерлік ансамбль» номинациясы Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театрына»; «Үздік қуыршақ жүргізуші» номинациясы  «Izvorașul Vesel» қуыршақ театрына; «Үздік суретші» номинациясы Александр Цуцунава атындағы кәсіби мемлекеттік драма театрына; «Жаңашыл көзқарас» номинациясы «Тохот» театрына табысталды.

IV Халықаралық «Almaty Puppet Festival – 2026» түрлі театр мектептерінің тәжірибесін бір сахнада тоғыстырды. Фестиваль Алматы көрерменіне қуыршақ өнерінің сан алуан үлгілерін ұсынумен қатар, қатысушы ұжымдардың кәсіби байланысын нығайтуға және бір-бірінің шығармашылық тәсілдерімен танысуына мүмкіндік берді.