«Кітап оқитын ұлт»: Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары көш бастап тұр

«Кітап оқитын ұлт»: Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстары көш бастап тұр
ашық дереккөз

Қазақстандағы «Кітап оқитын ұлт» марафонына 1,4 миллионнан астам адам қатысып жатыр. Оқылған кітаптар туралы пікірлер саны бойынша Ақтөбе облысы алда келеді, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, марафонға мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, еңбек ұжымдары мен басқа да азаматтар қатысып жатыр.

Платформада кітап туралы пікір жазғандар ең көп өңірлер:

  • Ақтөбе облысы – 25 557 пікір;
  • Солтүстік Қазақстан облысы – 14 249 пікір;
  • Қызылорда облысы – 14 037 пікір.

Солтүстік Қазақстан облысында марафонға тіркелген 20 мыңға жуық қатысушының 14 мыңнан астамы оқыған кітаптары туралы пікір қалдырған. Бұл өңірдегі қатысушылардың шамамен 75 пайызына тең.

Ал әлеуметтік желілерде оқылған шығармалар туралы бейнепікір жариялау бойынша Астана мен Жамбыл облысы алда келеді. Елордада 3 мыңға жуық бейнежазба жарияланса, Жамбыл облысында бұл көрсеткіш 1 699-ға жеткен.

Қазір жоба аясында қазақ және орыс тілдеріндегі 345 әдеби шығармадан тұратын бірыңғай тізім жасалған. Қатысушылар оқыған кітаптары туралы пікірлерін reading-nation.kz платформасында жариялай алады.

Марафонның аралық нәтижелері Астанада Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды. Жиында ауыл тұрғындарын жобаға тарту, кітаптардың қолжетімділігін арттыру және оқуды насихаттайтын жаңа бастамаларды іске қосу мәселелері қаралды.