Жуырда өмірден өткен заңгер Ғабит Өмірбектің әкесі ұлын сағынышпен еске алып, оның бастаған ісін жалғастыратынын айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Әкесінің айтуынша, осы күндері Ғабитті таныған жандар оның достығы, әріптестігі және қиын сәтте көрсеткен көмегі туралы естеліктерімен бөлісіп жатыр.
“Біріңіз Ғабитті досым деп, біріңіз әріптесім деп еске аласыз. Ал енді біріңіз оның қиын сәтте қол ұшын бергенін айтып келдіңіздер. Осындай ұлдың әкесі болғанымды мақтан тұтамын”, – деді марқұмның әкесі.
Сондай-ақ ол баласы құрған “Lawyer 888” ұжымымен бірге заңгердің бастаған жұмысын жалғастыруға ниетті екенін айтты.
“Енді сол азаматтармен бірге Ғабиттің бастаған ісін жалғастырамыз. Осы шаңырақтың әлі талай адамға көмегі тисін. Әке ретінде менің тілегім осы”, – деп жазды ол.
Жазба соңында әкесі ұлын дұғасына қосып, отбасына қолдау білдірген барша жұртқа алғыс айтты.
“Баламды дұғаларыңызға қосып жүрген баршаңызға Алла разы болсын. Жаның жәннатта болсын, Ғабитім”, – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Марқұм заңгер Ғабит Өмірбектің жары сағынышын жеткізді.
Ғабит Өмірбек кім?
Ғабит Өмірбек - азаматтардың құқығын қорғауымен танылған қазақстандық заңгер. Ол “Lawyer 888” заңгерлік компаниясын басқарған. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істермен қатар, отбасылық даулар мен банкке қатысты мәселелер бойынша құқықтық көмек көрсеткен.

Заңгер әскердегі әлімжеттік, жол-көлік оқиғалары және алаяқтықтан зардап шеккен азаматтардың мүддесін қорғаған. Соның ішінде Отардағы әскери бөлімде соққыға жығылған сарбаз Есбол Қапардың ісіне қатысқан. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде несие, банкпен арадағы дау және алаяқтықтан сақтану мәселелерін түсіндіріп жүрген.

Оның қайтыс болғаны 2026 жылғы 24 қазанда хабарланды. Қаралы хабарды жеткізген журналист Ирина Советжан заңгердің өз сюжеттеріндегі көптеген кейіпкерге тегін көмек көрсеткенін айтқан.