"Тұрсынбекке қарата айтты ма?": Роза Рымбаеваның сөзі талқыға түсті

"Тұрсынбекке қарата айтты ма?": Роза Рымбаеваның сөзі талқыға түсті
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаеваның Мейрамбек Беспаевтың 50 жас мерейтойында айтқан сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Әншінің ер азаматтарға берген ақылын көпшілік әзілкеш Тұрсынбек Қабатовқа қатыстырып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Мерейтой барысында сөз алған Роза Рымбаева өнердегі ер азаматтардың жетістікке жетуіне олардың жұбайларының қосқан үлесі зор екенін айтты. Әнші сахна сыртында жүріп, отбасының берекесін сақтап отырған әйелдердің еңбегін бағалауға шақырды.

"Жігіттер, сіздерге айтарым бар. Мейрамбек сияқты барлық өнер жұлдызы отыр. Сіздердің осылай еркелеп, халықтың алдында жұлдыз болып жүргендеріңіздің артында жұбайларыңыз тұр. Сіздер алысқа кеткенде балаларыңызды күні-түні жалғыз бағып, үйге келгенде тамағын дайындап, айлап күтіп отыратын осы жан-жарларыңыз ғой. Қосағыңмен қоса ағар дейді. Мейрамбектің осындай жұлдыз болып жүргені осы жұбайының арқасы деп ойлаймын. Отбасылық бақыттың өмірде үлесі көп", – деді Роза Рымбаева.

Өнер иесінің бұл сөзі желіде жарияланғаннан кейін көпшілік түрлі пікір білдірді. Әсіресе, әншінің отбасылық адалдық пен әйел еңбегі туралы айтқанын кейбір оқырмандар сол тойға қатысқан Тұрсынбек Қабатовқа жасалған тұспал ретінде қабылдаған.

"Мейрамбек, саған айтам. Тұрсынбек, сен тыңда", "Мына тілекті тыңдағанда Тұрсынбек пен Айман не ойлады екен?", "Тұрсынбекке тиіп кеткен шығар", "Легенда апамыз дұрыс айтты", "Роза апай әдейі айтты. Мөлдірмен бірнеше жобада бірге жүр. Тұрсынбектің бетіне басу үшін айтты", – деп жазды желі қолданушылары.

Дегенмен Роза Рымбаева сөзінде Тұрсынбек Қабатовтың есімін атамаған. Оның тілегін әзілкешке қатыстыру – әлеуметтік желі қолданушыларының жеке болжамы.

Айта кетейік, Мейрамбек Беспаевтың мерейтойына Тұрсынбек Қабатов та қатысқан. Ол көпшілікке екінші жары ретінде танылған Айман Талғатқызымен бірге келген. Осы жайт та Роза Рымбаеваның сөзінен кейінгі талқылаудың күшеюіне себеп болды.