Бірі гастрольдік сапарда көлігі аударылып, ауруханаға түскен. Енді бірі түнгі жолда апатқа ұшыраған. Ult.kz жол апатынан аман қалып, басынан өткенін өзі баяндаған бес әнші туралы деректерді жинақтады.
Ернар Айдар: «Өмірім үш секундта өзгеріп кетті»
Ернар Айдар 2017 жылдың сәуірінде гастрольдік сапар кезінде жол апатына түскен. Әнші «Жақсы адамдарым» бағдарламасында сол оқиғаның өміріне үлкен өзгеріс әкелгенін айтқан.

Өнер иесі ата-анасын алаңдатпау үшін апатты көпшілікке білдірмеуге тырысқан. Алайда ауруханадағы және зақымданған көліктің суреттері тарап, болған жағдай жақындарына да жеткен.
“Бір Алла сақтады. Жол апатында өмірім үш секундта өзгеріп кетті”, – деген әнші.
Ернардың айтуынша, көлік аударылғаннан кейін жұмысы тоқтап, емделуге мәжбүр болған. Осы жағдай оны отбасын құру туралы шындап ойландырған. Кейін болашақ жары Мәдинамен танысып, шаңырақ көтерген.
Қайрат Нұртас: «Өмірді бағалай бастадым»
Қайрат Нұртас та көлік апатынан кейін өмірге деген көзқарасы өзгергенін жасырмаған. Әншінің осы оқиға туралы сөзі 2018 жылы жарияланған.

Ол апат сәтінде бүкіл өмірі көз алдынан өткенін, қиын кезде жанында қалған адамдардың қадірін түсінгенін жеткізген.
“Ауруxанада өмірге жаңа келгендей болдым, өмірді бағалай бастадым, жалғыздықты сол кезде сездім!” – деген Қайрат Нұртас.
Әнші басына іс түскенде қолдау көрсеткендердің санаулы болғанын айтып, көпшілікті отбасы мен жақындарын бағалауға шақырған.
Маржан Арапбаева: «Астанаға зорға жеттік»
Маржан Арапбаева түнгі жолда апатқа ұшырағанын әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған. Бұл туралы ақпарат 2025 жылдың шілдесінде жарияланды.

Әншінің айтуынша, оқиға Астана бағытындағы тасжолда болған. Өнер иесі апаттан аман қалып, үйіне жеткеніне шүкіршілік еткен.
“Бір құдай сақтады. Астанаға зорға жеттік. Трассада жол апатына ұшырап, аман қалдық”, – деп жазған Маржан Арапбаева.
Ол болған жағдайды абай болуға шақырған белгі ретінде қабылдап, өмірдің қадірін бұрынғыдан да терең сезінгенін айтқан.
Мөлдір Әуелбекова: «Бәріміз аманбыз»
Мөлдір Әуелбекова жол апатына түскені туралы Instagram парақшасында жазған. Әншінің хабарламасы 2023 жылғы тамызда ақпарат құралдарында жарияланған.

Ол оқиғаның мән-жайын толық ашпағанымен, жанындағы адамдардың аман екенін жеткізіп, жұртты жолда сақ болуға шақырған.
“Бүгін жол апатына ұшырадық. Соған қарамастан, жұмыста күлімсіреп жүруге тура келеді. Аллаға шүкір, бәріміз аманбыз. Жолда абай болайық”, – деген әнші.
Жазбасынан өнер иесінің оқыс жағдайдан кейін де жұмысын жалғастырғанын аңғаруға болады.
Кеңес Әлімжан: «Қарама-қарсы көлікке соқтығыспадық»
Кеңес Әлімжан 2025 жылдың наурызында Таразға бара жатқанда жол апатына түскен. Кейін әнші видеоүндеу жариялап, жағдайын сұраған тыңдармандарына алғыс айтқан.

Өнер иесі жолдан шығып кетуін ұйқысының қанбауымен байланыстырған.
“Уақытлы ұйықтамағанның кесірінен, жолдан шығып кетіп, осындай жол-көлік апаты болды. Қайта қарама-қарсы көлікке соқтығыспадық. Алла өзі сақтады”, – деген Кеңес Әлімжан.
Әнші өзі үшін алаңдаған жандарға аман екенін жеткізіп, бүлінген көліктен адамның өмірі қымбат екенін айтқан.