"Ұлын қызғанып, психологқа барған": Мереке Қалбаева енесімен арадағы қиындықты айтты

"Ұлын қызғанып, психологқа барған": Мереке Қалбаева енесімен арадағы қиындықты айтты
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Танымал актриса әрі блогер Мереке Қалбаева келін болып түскен алғашқы жылдары енесімен тіл табысу оңай болмағанын айтты. Тіпті енесі ұлын қызғанып, психологтың көмегіне жүгінген, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі "Не дейді?" бағдарламасында отбасылық өмірінің көпшілік біле бермейтін тұстарын әңгімеледі. Оның айтуынша, Арсен Акиевпен шаңырақ көтергеннен кейін енесі екеуінің арасында түсініспеушіліктер жиі болған.

Мереке жаңа отбасына бірден сіңісіп кете алмағанын жасырмады. Алғашқы кезде енесі де оны жатырқап, араларында салқындық болған. Тіпті бір-бірімен жылы амандасудың өзі қиынға соққан көрінеді.

"Басында түсініспеушіліктер өте көп болды. Бірақ шынын айту керек, енемді бірден жақсы көріп кеткен жоқпын, енем де мені қабылдаған жоқ. Алғашқы кездері тіпті бет сүйісіп амандаспайтын едік. Мен сүйіп амандасуға тырыссам да, енем қашқақтайтын", – деді актриса.

Сұхбат барысында Мереке енесінің мұндай әрекетінің себебіне де тоқталды. Оның сөзінше, Арсеннің анасы ұлына ерекше бауыр басқандықтан, оның үйленіп, бөлек отбасы құрғанын қабылдауға қиналған. Тіпті баласына деген қызғаныш сезімін жеңу үшін арнайы маманға қаралған.

"Енем Арсен екеуіміз үйленген кезде қызғанғаны соншалық, баласын босату үшін психологқа барған. Екі ұлы бар. Арсенді қатты жақсы көрген ғой. Оны бірден босата алмаған, жүрегі ауырған", – деп түсіндірді өнер иесі.

Дегенмен уақыт өте келе ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынас жақсарған. Бір кездері бір-бірін қабылдай алмаған екі әйел бүгінде жақын адамдарға айналған.

"Екеуміз қазір құрбы секілді болып кеттік", – деді Мереке Қалбаева.

Актрисаның айтуынша, алғашқы кездегі түсініспеушіліктердің орнын қазір өзара сыйластық пен жақындық басқан.

Айта кетейік, Мереке Қалбаева мен Арсен Акиев 2018 жылы отбасын құрған. Екеуі де көпшілікке "Жайдарман" сахнасы арқылы танылды. Ерлі-зайыптылардың жас айырмашылығы – алты жас. Қазір олар үш баланы тәрбиелеп отыр.